Жезқазғандағы ойын алаңдары сапасыз салынған
Жезқазғанда салынып жатқан ойын алаңдарының сапасы сын көтермейді.
Жақында ғана қойылған құрылғылар біртіндеп бұзылып жатыр. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған тұрғындар бізге осылай деп хабарласты. Ал әкімдіктегілер оны жөнге келтіру алаңдарды салған мердігерлерге міндеттеледі дейді.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Есенберлин көшесіндегі 57-үйдің ауласындағы мына алаңның құрылысы былтыр басталған. Қар түсіп кетіп, кейбір элементтері өткен наурыз айының соңында ғана орнатылған. Ал қазіргі кейпі мынадай. 1 айға жетпей ойын құрылғылары бірінен соң бірі құлап жатыр.
Тұрғындар сапасыз әткеншектер мен сырғанақтар балалардың өміріне қауіп төндіреді ме деп алаңдайды. «Көптен күткен алаңқайымыз сапалы салынса» дейді.
Сәуле Дадабаева қала тұрғыны:
- Кеше құлап бір баланың аяғы астында қалды. Әйтеуір сынған жоқ, травма алған жоқ. Аман. Балалардың денсаулығына жауапты тек ғана ата-ана емес, қарап отыруға ата-ананың қолынан ештеңе келмейді. Бәрі құлап жатыр. Сынып жатыр.
Ойын алаңын астаналық мердігер ұйым салған. «Құрылыс барысында кеткен қателік бізге де жақсы мәлім», -дейді тапсырыс беруші тарап. Жұмыс сапасыз әрі толық атқарылмаған.
Нұрек Әуезов, ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Есенберлин, 57 дегі үйдің ауласындағы ойын алаңын «Компания АрнайыҚұрылыс» ЖШС 2023 жылы құрылысын бастаған болатын. Қазіргі таңда жұмыс аяқталмаған. Және де біз өз тарапымыздан сотқа дейінгі талап-арыз беріп қойдық. Біріншіден, сапасыздығы, екіншіден договор толығымен орындалмаған.
Былтыр қалада 84 ойын алаңын салу үшін 1 млрд 200 млн теңге қаржы бөлінді. Ала жаздай тек 30-ы ғана қойылған. Жобаны ұтып алған мердігерлердің салғырттығынан осындай жағдай орын алып отыр дейді әкімдік өкілі. Орнатылған алаңқайлардың тең жартысы талапқа сай болмай шыққан соң тапсырыс берушілер жұмысты қабылдамаған. Шығынды өндіру бойынша сотқа талап-арыз берілген.
Қанат Бекжігітов, ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Салынбаған элементтерді салыңдар деп бердік. Мысалы мына жерде забор жетіспейді. Құлап қалған дүниені қайта қойыңдар деп. Сосын қойылған дүниеге гарантия қайтадан возобновлятетеді деп. Бізде проектер, размерлер бірдей болды. потом бір жерде размерлер кішірейді, үлкейді. Мердігерлер үнемдеуге барды. Қулыққа салды. Осыларды мемлекетке қайтадан қайтарыңдар деп.
Былтыр бітпей қалған алаңқайлардың құрылысы шілде айына дейін аяқталуы тиіс. Мұның сыртында биыл тағы 30 ойын және 18 спорт алаңын орнату бойынша мемлекеттік сатып алу байқауы өтіп жатыр. Жұмыстың сапалы орындалуын тапсырыс берушілермен қатар қоғам белсенділері де бақылауға алды. Олардың талап-тілегі әлеуметтік желі арқылы қабылданады.
Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев