Ақмола облысында тасқынмен күрескендер марапатталды

Ақмола облысында тасқынға тосқын болған жандар марапатталды.

Бірлік мерекесіне орай өткен шарада өңір басшысы жұмыла жұмыс істеген құтқарушылар мен полиция қызметкерлерін, еріктілер мен бизнес өкілдерінің еңбегін ерекше атап өтті. Гуманитарлық көмекті жинап, үлестіруге атсалысқан ассамблея мүшелері де назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, салтанатты шара барысында тасқыннан зардап шеккен 2 отбасыға жаңа баспана кілті табысталды.

Марапатқа ие болғандардың бірі - Ағзам Абай. Бес жастағы бүлдіршін Бұланды ауданынан келген. Ағзам жан-жақтан жиналған гуманитарлық көмекті таратуға үлес қосқан.

Аяулым Қабаш, Ағзамның анасы:

- Ағзамның өзі мінезі сондай. Елге көмектесем дейді. Үйде де маған көмектесіп тұрады. Гуманитарлық көмек келгенде біздің районға папасын шақыртып алды. Ағзам бірге барды. Сонда үлкен жандармен, үлкен адамдармен бірге тасыймын деп талпынды.

Иә, қазір қарғын судың беті қайтты. Уақытында жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 100-ге жуық елдімекен қызыл судан аман қалды. Ал тасқыннан зардап шеккен жандарға біртіндеп баспана беріліп жатыр. Облыстық Ассамблея мүшелері де жылу жинап, су басқан аудандарға гуманитарлық көмек жіберді.

Тәжібуви Медетова, Өзбек этномәдени орталығының төрағасы:

- 140-тан астам этнос тұрып жатыр. Оларда сыртта  қарап тұрған жоқ. «Жүректен жүрекке» акциясы аясында бәрі өз үлестерін қосты деп ойлаймын.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Ақмола Ассамблеясы жанынан зардап шеккен адамдарға көмек жинау штабы ашылып,зардап шеккен аудандар мен қалаларға 250 млн. теңгеге жуық 150 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Ақмола облысында 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бірлігі жарасқан өзге этнос өкілдері өңірдің дамуына да сүбелі үлес қосып келеді.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко