Көкшетаулықтар көк су ішуге мәжбүр
Көкшетауда ауызсудың сапасы жақсарады. Жергілікті билік биыл су тазарту станциясының құрылысын аяқтайды.
Бұл нысан 2009 жылы салына бастаған. Алайда, жобаға қайта-қайта түзету енгізіліп құрылысы созылып кеткен еді.
Көкшетаудағы су сапасы күн санап нашарлап барады. Дәмі кермек татыған тіршілік нәрін ішпек түгіл, кір жууғада жарамайды,-дейді тұрғындар.
БЛИЦ:
- Краннан аққан су мүлде жаман. Қап-қара. Кір жууға, ақ киімдерді жуа алмайсың.
- Қаладағы су жаман. Бәрі қап-қара, кір. Шелектің түбінде тұнып қалады. Ішуге болмайды.
- Кранның суын жуынуға аламыз. Ну ваннада жуынып, ыдысқа аламыз. Одан ішпейміз. Ішетін суды даладан сатып аламыз немесе заказбен алдырмыз 800 теңгеден.
Бұқара базынасы биыл шешіледі, - дейді шенеуніктер. Көптен күткен су тазарту станциясының құрылысы аяқталуға жақын. Қос блоктан тұратын нысан тәулігіне 30 мың текше метр суды сүзгіден өткізуге қауқарлы. Заманауи жабдықтарды Араб Әмірліктерінен әкелген.
Қуаныш Өтегенов, мердігер мекеме өкілі:
- Қазір осы мамырдың аяғында құрылғылары келеді деп күтіп жүрміз. Шілденің соңына дейін келу керек. Содан кейін монтаж жұмыстары жүргізіледі.
Нысан құрылысының сапасы да басты назарда. Өйткені, республикалық және облыстық қазынадан қыруар қаржы бөлініп отыр.
Рүстем Қожагелдинов, құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
- Қоғам өкілдері мен қалалық депутаттар үнемі келіп, құрылыс барысымен танысып тұрады. Сапасын қадағалайды. Егер олқылықтар анықталса, бірден мердігерге ескерту жасалады. Жалпы жоба құны 5,8 млрд теңге. Қазір соның 2,2 млрд теңгесі игерілді.
Бұдан бөлек, іргетасы 1970 жылы қаланған су тазарту орталығы да жаңартылып жатыр. Қазір станцияның зертханасы мен жылу қазандығы жөнделді. Қалған жұмыстар жыл соңында аяқталады.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко, 24.KZ, Көкшетау