Вандализм. «Қызым үйде, қылығы түзде...»
Елде түрлі нысандарды бүлдіру, сындыру жиілеген. Былтыр вандализм жасаған 5 мыңнан аса адам ұсталды.
Президент пәрменімен тәртіп бұзғандарға жаза қатаңдатылды. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар ширап келеді. Ал нәтижесі қандай?
Қираған аялдама. Бүлінген көлік. Видеодан байқасаңыз шаһар көркін бұзушылар – көше тентектері. Жарық шамын сындырып, бұзақылық жасаған жастар қала тұрғындарының да тынышын кетірді.
БЛИЦ:
- Вандализм – өте жаман нәрсе. Вандализмді жою өте маңызды. Білімді көтеру керек, үйдегі тәрбиені көтеру керек. Ең маңызды, ең қысқасы сол.
- Арасында бар енді. Бәрі бұзық бола бермейді деп ойлаймын.
- Мен вандализмге қарсымын. Мемлекет қанша ақша салады. Қаншама ақша кетіп жатыр. Негізінен ол әке-шешесінің балаларға берген тәрбиесіне қарай болады.
Балалардың біреудің мүлкін бұзуға деген құштарлығы – мәдениет пен тәрбиенің төмендігінен дейді психологтар. Үйінде не көрсе, түзде соны жасайды. Оның үстіне ішкі агрессия бұзақылыққа түрткі болады екен.
Ержан Мырзабаев, психолог:
- Айналадағы заттарға зиян келтіру адамның бойындағы ішкі агрессияның белгісі болады. Бір нәрсеге ашулану, іштей бір нәрсеге өкпелеу сыртқа қарай агрессия ретінде шығады. Адамдарға агрессия, заттарға агрессия деген сияқты. Бірінші себебі осы. Екінші себебі – балалардың қараусыз қалуы.
Ендеше жүгенсіз кеткен жастарға жазаны қатайту керек. Президент осындай пәрмен берген еді. Оларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұзақылық қайталанса, бас бостандығынан айырылуы да мүмкін.
Айдын Оразбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының орынбасары:
- Бөтеннің мүлкі жойылған немесе бүлінген жағдайда нәтижесінде едәуір шығын келтірілген кезде кінәлі адамдар қылмыстық кодекстің 202-бабы бойынша қылмыстық жауапқа тартылады, ол бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Вандализмге байланысты елімізде жыл басынан 5 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалған болса, Астана қаласында 97 құқық бұзушылық тіркелген. Оның 54-і айыппұл төлеп, 43-і қамауға алынған.
Асантемір Қаршығаұлы, Мерей Талап, 24.KZ