Сағадат Нұрмағамбетов есімі ұлықталады
Бірінші дәрежелі «Айбын» ордені енді Сағадат Нұрмағамбетовтың есім-сойымен аталады.
Бұл - марапаттың деңгейін еселей түскенмен тең. Әскери және қорғаныс саласындағы мамандар осылай дейді.
Биыл Отан соғысының батыры, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың туғанына 100 жыл. Айтулы дата ел аумағында кең көлемде аталып өтеді.
Мынау гвардия формасы, әлі капитан болып жүрген кездегісі. Өзінің қару-жарағы, бұйымдары, киімі.
Қарулы күштердің әскери-тарихи музейінде Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі ұлықталып жатыр. Биыл Кавказдан Берлинге дейін жүріп өткен ҰОС батырының 100 жылдығы. 1943 жылы қатардағы жауынгерден бастап, генерал дәрежесіне дейін жеткен азаматтың өмір жолы музей көрмесінде көпшілік назарына ұсынылды.
Ғалым Қожабеков, Қазақстан ардагерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары:
- Мына жердегі құжаттардан бастап, соғысқа барғандағы қай жерде қызмет атқарғаны бар. Ол кісінің әскери киімдері. Бұл кісі әскери бағытта ғана қызмет атқарып қоймай, бұл кісі халықаралық деңгейдегі үлкен беделді азамат болды. Қорғаныс министрлігі құрылғаннан кейін, жас мемлекет болғаннан кейін, халықаралық қауымдастықпен көп жұмыс жүргізілуі керек.
Иә, Сағадат Нұрмағамбетов тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Қорғаныс министрі. Құдды тірі адамдай бейнеленген мына балауыз мүсін оның бар болмысын айғақтап тұрғандай. Еліміздің қорғаныс саласын қалыптастырып, бекемдеген тау тұлға лайықты бағасын алды. Саналы ғұмырын әскерге арнаған батырдың есімі енді «Айбын» орденінде де айшықталады.
Марат Әбсемет, тарих ғылымдарының докторы:
- «Айбын» ордені Сағадат Нұрмағамбетов 1 дәрежелі беріп жатыр. Екінші Бауыржан Момышұлы, үшінші Рақымжан Қошқарбаев. Себебі, біз баяғы елімізді қорғап өткен батыр бабаларымызды ұмытпауымыз керек. Паш етуіміз керек. Сағадат Нұрмағамбетов қандай батыр болғанымен, қандай керемет әскери басшы болғанымен, ол өте кішіпейіл кісі болды. Бірақ көп еңбек жасаған.
Қан майданда ерен ерлік көрсеткен Сағадат Нұрмағамбетовке екінші рет ҰОС батыры атағы берілуі керек еді. Алайда «Қызыл ту» орденімен шектелді. Ел басына күн туғанда, етігімен су кешіп, кеудесін оққа тосудан аянбаған азамат бейбіт заманда да адал басшы бола білді.
Айтуған Күзербаев, ҚР Ауғанстан және қорғаныс ардагерлері одағы төрағасының орынбасары:
- Сарбаз ретінде мен оны жақсы таныдым. Сол кісіге қарап біз сап түзедік. Отанға деген патриоттық рухымыз көтеріле бастады. Менің ғана емес, менің қатарым, қазіргі Қорғаныс министрлігін басқарып жүрген генералдар ол кісіге қарап сап түзеді.
Сағадат Нұрмағамбетов 2013 жылы қайтыс болды. Оның жарқын бейнесін көпшілік ұмыта қойған жоқ. Әрқайсысы батыр жайлы жылы естелік айтуға дайын. Оның есімі жас ұрпақтың да жадында сақталады. Қазір Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери құрлық институты, сержанттар корпусы мен республикалық әскери мектеп жұмыс істейді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ержан Рахманберді, Ырыстанбек Оспанов