Елімізде өмірін әскери салаға арнаған отбасылар жетерлік

Елде өмірін әскери салаға арнаған отбасылар жетерлік.

Ондай отбасыларды күштік құрылымдардың кез келген түрінен табасыз. Бірі Шекара қызметі мен Қарулы Күштер сапында жүрсе, енді бірі Ұлттық Ұлан қатарында. Сондай отбасылардың бірі Әлібековтер әулеті. 

Бұл Ұлттық Ұланға 27 жылын арнаған Арман Әлібековтің отбасы.  Бүл әулеттен осыған дейін 4 бірдей әскери қызметші шыққан. Кенже қызы да болашақта әке жолын қумақ. 

Арман Әлібеков, Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы оқу және ғылыми жұмыс бөлімінің бастығы:

- Үлкен ағам ұшқыш болған. Менен кейінгі туған бауырым “Бүркіт” жасағында қызмет атқарады. Жұбайым академияда математикадан сабақ берген академияда. Және өзімнің ізбасарым Нұртас ізімді басып, біздің ұлттық ұланда, әскери бөлімде жұмыс атқарады.    

Нұрай Әлібекова, қызы:

- Мен 10 жастамын. Әкем, ағам сияқты әскери адам болғым келеді. Не үшін әскери адам болғың келеді? Себебі әскери киімдер ұнайды.

Отағасы әскери сатының барлығынан өткен адам. Ұлттық Ұланның ғылым саласында тер төгіп жүр. Ұлы да сол жолдан айнымай, әкесі секілді білімді офицер болуды армандайды.

Нұртас Әлібеков, ұлы:

- Қазіргі таңда 6636 әскери бөлімінде техник маманы болып жұмыс істеймін. Ата-анам әскери институтта жұмыс істеген. Олардың ізбасары болып осында қалғым келді. Әкем секілді ақылды, мықты офицер болғым келеді.  

Отан үшін адал қызмет етіп, отбасымен ортақ жетістіктерге жетіп жүрген отбасы бүгінде көпке үлгі. Әскери қызметте тек отағасы ғана емес бұл отбасы мүшелерінің әрқайсы үнемі дайын болуға тиіс. Өйткені әскери өмірдің өз тәртібі бар. Бұл отбасы қызмет бабымен қаладан қалаға көшуге де бой үйреткен. 

Динара Әлібекова, А. Әлібековтің жары:

- Екеуміз сыныптаспыз ғой. Ондай нәрсені ойлаған жоқпыз қиын болады деп. Екеуміз бірге бастадық отбасын құрғаннан кейін әрқашан қолдағым келеді. Өйткені өзінің сүйікті жұмысы. Өзіне ұнайды. Одан кейін мемлекетіміздің көркеюіне үлес қосатын болса қолдаймын қашанда. 

Әскери өмірдің қыр-сырына қанық отбасының алдына қойған бар мақсаты ел ертеңіне енжар қарамайтын ұрпақ тәрбиелеу.

Мерей Қанапия, Мерей Талап