Бишімбаев ісі. Бүгін не айтылды?

Әйелін аяусыз соққыға жығып өлтірді деген айыппен сотталып жатқан Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановтың тағдырын шешетін сауалдар пысықталды.

Қылмыстық Кодекстің 653-бабына сәйкес, зардап шеккен, айыптаушы және қорғаушы тараптар алқабилер сотына қойылар сұрақтарды жан-жақты талдады.

Бүгін сот процесі жабық форматта ұйымдастырылатындықтан, онлайн трансляция тоқтатылып, алқабилер мен тілшілер сот залынан шығарылды. Осылайша соттың тәртібі бойынша барлық тарап сауалдардың құрылымы мен мазмұнына бірауыздан келісімін берді.

Мақұлданған сұрақтарды судья жан-жақты саралағаннан кейін оларды сауалдар парағына енгізіп, қол қояды. Осыдан кейін алқабилер сотына үлестіріледі. Осы сұрақтарға жауап беру арқылы Бишімбаев пен Байжановтың тағылған айыптары бойынша кінәлі не кінәсіз екені айқындалады.

Келесі сот отырысы мамырдың 13-і күні өтеді.