Тасқыннан соң. «Жезқазған-Петропавл» тасжолы қалпына келтірілді
Солтүстік Қазақстан облысында су шайып кеткен «Жезқазған-Петропавл» республикалық тасжолы қалпына келтірілді.
Бұл бағыт көктемгі тасқын кезінде бүлініп, бір айға жабылған болатын. Енді көлік қозғалысы қайта жанданды. Жөндеу жұмыстары қалай жүргізілді? Оның сапасын кім бақылады?
«Жезқазған-Петропавл» бағыты осыдан бір ай бұрын жабылған. Есіл өзені арнасынан асып, тасжолдың бойына жайылды. Қатты ағысты арғы бетке шұғыл өткізіп жіберу үшін трассаны бұзуға тура келген. Ал жүргізушілер 70 шақырымдай айналма жолмен қатынап жүрді.
Нұрбек Имашев, көлік жүргізуші:
- Айналғанда киллометрден ұтылатын едік. Бір сағат қосылатын еді. Бір сағатта баратын жерге екі сағат, екі жарым сағатта барып жүрдік. Қазір жақсы енді мынау ашылғаны.
Есіл өзені жолдың 170 метрін шайып кетті. Мамандар оны қалпына келтіру үшін тас пен құм әкеліп төкті. Қазір көлік қозғалысы қайта жанданды.
Қанат Өсербаев, "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ ОФ директорының орынбасары:
- Қазір 15 мың тоннаға жуық шойтас төселді. Сонымен қатар диаметрі бір метр болатын 3 құбыр қойылды. Бұл жерде 13 техника жұмыс істеп жатыр.
Бұл облыстағы бірнеше ауданды байланыстыратын маңызды бағыт. Күніне 7 мыңға жуық көлік жүреді. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстарының сапасын тәуелсіз сарапшылар тексереді.
Рустам Ахметов, "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК ОФ жетекші сарапшысы:
- Шығыны орасан. Есіл өзені жолды түгел бұзып кеткен. Қалпына келтіру жұмыстарының сапасын бірнеше рет тексердік. Бәрі талапқа сай орындалып жатыр.
Бүлінген жол тамыз айында асфальтталады. Жалпы көктемгі тасқын кезінде облыстағы 70 жолдың аумағын су басты. Қазір барлық бағыт қалпына келтірілді.
Қазір республикалық тасжолдың бір жақ беті ғана ашық. Мамандардың айтуынша, мұнда келесі апта қиыршық тас төселіп, көлік қозғалысы толық қалпына келтіріледі.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков, «24.KZ», СҚО