Зейнеткерлер зерікпейтін болды
Түркістанда тағы бір «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды.
Тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға арналған әлеуметтік нысан «Бекзат» шағын ауданында қолданысқа берілді.
Ғимараттың ішінде зейнеткерлердің денсаулығын жақсартуға арналған бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы мен жаттығу алаңдары бар. Одан бөлек, кесте тігіп, тоқыма тоқитын әжелерге арналған ісмерлік бөлмесі де ашылды.
Мұнда зейнеткерлер мен мүгедектігі бар кісілерге күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Орталық бір айда 150 адамды қабылдай алады. Жалпы, Түркістанда 15 мыңдай зейнеткер болса, соның 8 мыңға жуығы «Бекзат» шағын ауданында тұрады.
Сырғагүл Пернеева, зейнеткер:
- Өзім осы Түркістан қаласында тігінші болып 25 жыл қызмет етіп, зейнетке шыққам. Осы өнерді үйде отырып дамытып, отбасында отырған адаммын. Осы жерге келдім, осы құрақ өнерімен шектеліп қалмай, міне тәпішке тоқуды үйрендім. Мемлекетімізге осындай қарапайым халықтың, зейнеткерлердің жағдайын жасап жатқанына қуаныштымын.