Бүгін - Халықаралық музей күні

Алғашқы мұражайлар қазақ даласында 19 ғасырда пайда болды.

20-шы ғасырдың басына дейін Орынбор, Семей, Жетісу тарихи-өлкетану және Орал жаратылыстану музейлері ресми түрде ашылды. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері ежелгі қалалардың орнын зерттеп, 12 музей-қорығын ашты.

Бұл - елорда іргесіндегі «Бозоқ» музей-қорығы. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Аумағы 412 га. Мына бас қақпаның ұзындығы 140 метр, биіктігі 12,5 метрді құрайды. Сондай-ақ, осы аумақта Бозоқ қаласын зерттеген белгілі ғалым Кемел Ақышевтің ескерткішін орнату жоспарда бар.

Бүгінде көне қала аумағын оңтүстік және солтүстік кіреберістегі екі қақпа арқылы қоршауға ел қазынасынан 6 млрд тг бөлінген. Мемлекеттен қаржыландыру жалғаса берсе, құрылыстың бірінші кезеңін 2027 жылға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Кейін аула ішіндегі Бұзықты көлін тазарту, айналасын абаттандыру, инженерлік желілерді тарту, жол салу жұмыстары жүргізіледі.

Қажымұрат Төлегенұлы, «Бозоқ» музей-қорығының ғылыми қызметкері:

- Бұны салудың басты артықшылығы - біздің тарихымыздың тереңде екенін көрсету. Қазіргі ұрпақ көзге көрінетін нәрсені ғана қабылдайды. Сондықтан кез келген музей болсын, кез келген басқа нәрсе болсын, олар жай өтіп кеткен тарих ретінде қарауы мүмкін. Оларды жанды тарих одан ары қызықтырып тартады. Сондықтан қазіргі ұрпақ визуал дейміз ғой. Бұл жерге келіп қылыштасу өнерін үйренеді. Бұл жерде көне руна жазуларын үйренеді.

Жоғарыда айтқанымыздай, Есіл бойындағы ежелгі қала орнын археолог Кемел Ақышев 1998 жылы тауып, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ғалым 2003 жылы өмірден өткен соң, оның еңбегін жұбайы Марал Хабдулина жалғастырды. «Бозоқтан» табылған алғашқы ескерткіштер - 7 ғасырға тән тарихи жәдігерлер.

Марал Хабдулина, археолог:

- Бозоқ қаласы Батыс Түркі қағанатының астанасы болған. Көзі тірісінде Кемел Ақышев Бозоқ орнында музей-қорық ашуды армандаған. Осы арманы 2018 жылы орындалды. Бозоқ, Ботай және Сарайшық қалаларының орнына музей-қорықтарын ашу туралы Үкімет қаулысы шықты.

Биыл 23 мамырда Кемел Ақышевтің туғанына 100 жыл толады. Мерейтойға орай республикалық музейлер мен жоғары оқу орындарына түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Ал күзде Ә. Марғұлан атындағы археология институты Алматыда халықаралық симпозиум өткізеді. Оған отандық және шетелдік ғалымдар қатысады.

Хан Ордалы Сарайшық

Ел батысына ойыссақ. Ортағасырлық Сарайшықты Жайық жағасынан оқшаулау және аумағын түгел қоршау жоспары бар. Өйткені көктемгі тасқын кезінде қаланың біраз бөлігін су шайған. Қалған бөлігін көз қарашығындай сақтап қалу маңызды. Хан Ордалы Сарайшық - Алты алаш жұртына ортақ шаһар. Осыған байланысты Алтын орда заманынан бергі Ноғай ордасы мен Қазақ хандығы кезеңіндегі ата-баба тұрмысына терең зерттеу жұмыстары жүргізілмек. Демек, бұл жерде де ашық аспан астындағы музей жасақталады.

Әбілсейіт Мұқтар, «Сарайшық» музей-қорығының директоры:

- Былтыр ғана «Қазреставрация» мекемесі ортағасырлық үлгідегі қақпаны тұрғызды. Әрине бұл қақпа туристерге арналған. Одан басқа тұрғын жайлар тұрғызды. Былтырдың өзінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, Атырау облысының әкімдігімен бірге ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша жиын өтті. Алтын Орда кезеңін, ноғайлы кезеңін, Қазақ хандығының ескерткіштерін сол заманға лайық қылып салу мәселесінде үлкен ойлар қозғалды. Бұл ретте ортағасырлық заманды зерттеуші мамандар тартылған.

Жібек жолымен сапарлаған талай саяхатшы Сарайшықтың сәулеті мен мәдениетін көріп таңдай қаққан. Зәулім ғимараттар мен моншалар, көздің жауын алар мұнаралы мешіттер туралы мен тамсана жазған. Тарихшылар Сарайшықты өз заманының қаржылық орталығы болғанын айтады. Өйткені қала орнынан 5 мыңнан астам құнды жәдігер табылған.

Жақсылық Сәбитов, тарихшы:

- Сарайшық - Алтын Ордада тиын шығаратын негізгі қала болған. Мұнда түрлі пішін мен көлемде жылына 20 млн данадан бастап 30 млн дейін тиын шығарылған. Қазба жұмыстары арқылы әр ханның өз ақшасы болғанын білдік. Табылған алтын және күміс теңгелердің дені 13-15 ғасырларға тән.

Бүгін - Халықаралық музей күні

Бүгінде елде 300-ге жуық мемлекеттік музей бар. Барлығында шамамен 6 мың қызметкер еңбек етеді. Олардың ішінде 23 ғылым докторы, 59 PhD докторы және музей ісі бойынша білім алған 120 кәсіби маман бар.

Жалпы, Қазақстан аумағында музей ашудың алғашқы қадамдары 1823 жылы Ішкі Бөкей Ордасының ханы Жәңгірден басталды. Ол үйіндегі 23 бөлмесінің бірін қару-жарақ жинауға арнаған. Қылыш, шоқпар, шашка, тапанша, сауыт сынды жәдігерлер 1828 жылы Хан Ордасында қару-жарақ палатасының құрылуына негіз болды. Құнды экспонаттардың арасында Әбілқайыр және Нұралы хандардың ресей билеушілерінен сыйлыққа алған қылыштары да бар.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы, Аружан Шуақбай