Павлодарда «Ұлы Дала Жорығы» жолға шықты

Қазақстанның барлық өңірінен келген шабандоздар бір жарым мың шақырымды салт атпен жүріп өтіп, еліміздің бас қаласы Астанаға жетеді.

Ат бәйгесі қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналады. Бәйгенің бас жүлдесі - 15 миллион теңге. Бұл осы жылдың күз айларына жоспарланған Дүниежүзілік көшпенділер ойыны алдындағы іріктеу туры. Биылғы жарыстың ерекшелігі - қыздар командасы.

Шабандоз қыздарға 500 шақырымды еңсеру қиын емес. Олар алыс қашықтықтағы ат шабысына бірнеше рет қатысқан. Дегенмен, «Ұлы Дала Жорығы» алғаш  қатысуда. Жүлдені қолдан бермейміз дейді олар.   

Джулия Тұңғышбаева, шабандоз:       

- Бұған дейін  осы сынды жарыстарға қатысқанбыз. Бірақ 500 шақырымға алғаш қатысуым. Менің 200 шақырымды еңсерген кездерім болды. Орташа алғанда 100 шақырымды біз бес сағатта жүріп өттік. Биыл әрине көрсеткіштерімізді жақсартамыз деп ойлаймын.

Джулия тізгіндеген «Месси» атты арғымақтың ұзақ қашықтыққа шабудан тәжірибесі мол екен. Көкпарға түсіп талай рет топ жарыпты. Қымбат сыйлықтарды қанжығасына байлап келеді.    

Марафон-бәйгеге командалар еліміздің барлық өңірлерінен келді. Бес күнде олар Астанаға жетуі керек. Бұл Қазақстанда өтіп жатқан осымен үшінші турнир. Былтыр қатысушылар Астанадан Түркістан облысына дейін 1 200 шақырымды артқа тастаған болатын. Осы жолы ұйымдастырушылар тым ұзақ қашықтыққа сапар шегуді жөн көрмепті. 

Бақытжан Тұрлыбеков «Ұлы Дала Жорығы» бәйге -марафонының ұйымдастырушы: 

- Әр командада бес аттан бар және қосымша алты рекордсмен аттар бар. Олар рекодсмен аттар командадан тыс Астанаға дейін олар да өзі бағдарлама бойынша жарысқа түседі.

Үздік шыққан 15 жүйрік ат алдымыздағы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан намысын қорғайды.Он екі елдің командасы Халықаралық турнир Солтүстік Қазақстан облысындағы ежелгі Ботай қонысы шатқалынан басталып Астанаға аралықты еңсереді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков