Қызылжар ауданында тасқыннан келген шығын есептеліп жатыр

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су тасқынынан бүлінген мүлікті бағалау және техникалық сараптама жұмыстары бірер күнде аяқталады, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір тәуелсіз сарапшылар соңғы ауылда шығын көлемін есептеп жатыр.

Жалпы аудан бойынша көктемгі тасқыннан 18 елді мекенде мың жарымнан астам үй су астында қалды. Зардап шекен тұрғындарға мемлекет тарапынан 100 айлық есептік көрсеткіші көлеміндегі біржолғы жәрдемақы төленді. Енді комиссия мүшелері техникалық сараптама қорытындысын шығарып, нақты өтемақы мөлшерін анықтайды.

Қуандық Шақыбаев, аудандық материалдық шығынды бағалау және өтеу комиссиясының төрағасы:

- Қазір комиссияның қарауына техникалық сараптама мен бүлінген мүлікті бағалау қорытындылары шығарылады. Оны Петропавл, Астана, Көкшетау қалаларынан келген 7 компания есептеді. Одан бөлек, жөндеу жұмыстарының сметасы жасалады. Оның негізінде тұрғындарға өтемақы төленеді.