Ірі компаниялар тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға көмектеседі
Ірі компаниялар Батыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үй салуға және сатып алуға көмек көрсетеді.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев кәсіпкерлермен бірге Орал қаласының су басқан саяжай массивтерін аралады. Тасқын салдарынан баспанасыз қалған тұрғындармен кездесті. Ол үйлер мен саяжайларды бағалау және техникалық тексеру айдың соңына дейін аяқталатынын айтты. Қазір 8,5 мыңнан астам адам үйіне оралды. Бес ауданда 357 үйдің құрылысы басталды. Мәселен, Сырым ауданында жалпы сомасы 3,2 млрд теңгеге 114 үйдің құрылысын «Қазақстан халқына» қоры қаржыландырады. Ал 75 үйді жергілікті жер қойнауын пайдаланушы компаниялар салады.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- Кімнің үйі апатты ден танылған, оған пәтер салуға немесе сатып алуға көмектесеміз. Баспана көлемі 80 шаршы метр шамасында болады. Тиісті қаражат бар. Алдағы 3 ай ішінде жұмыстар бітеді деп ойлаймын.
Руслан Владимиров, «Банк ЦентрКредит» АҚ басқармасының төрағасы:
- 5,5 млрд теңге бөлініп жатыр. Бұл қаржыны тасқыннан зардап шеккендерге үй сатып алуға жұмсаймыз. Қазір Орал қаласындағы нарықты зерттеп жатырмыз. 200-дей пәтер біздің сұранысқа сай келеді. Қосымша нұсқа ретінде тағы 60 пәтерді таңдап қойдық. Дайын баспананы сатып алу үй салғаннан әлдеқайда тез болады. Әсіресе көпбалалы отбасыларды қолайсыз жағдайда қалдыруға болмайды.