Елімізде 800 апатты үй бар
Жыл соңына дейін Елордада 33 үй сүріліп, орнына жаңасы салынады, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл жұмыстар апатты және тозығы жеткен баспаналарды реновациялау аясында жүзеге асады. Мемлекет басшысы бастамашы болған бағдарлама барлық аймақта орындалуы тиіс. Қазір әкімдіктер сүрілуге жататын үйлердің тізімін жасақтап жатыр.
Жезқазғандағы 34 баспана апатты деп саналады. Алайда бұл тізімге енбеген кей тұрғынжайдың күйі тым мүшкіл. Қала тұрғыны Александра Чубыкова жауын жауған сайын жанын шүберекке түйетінін айтады. Алайда киім-кешегін жинап кете алмайды. Себебі тозығы жеткен үйінен басқа барар жері жоқ.
Александрова Чубыкова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Үйіміз апатты жағдайда болмаса да, тозығы әбден жеткен. Төбеміз тесіліп, жауын жауса болды, үйіміз шылқылдап кетеді. Түскиіздерімізден түк қалмады. Үйдің іргетасы да отырып жатыр. Терезені ашсақ жаба алмаймыз. Бірінші қабаттағы тұрғындар көшіп кетті. Екінші қабаттағы 3 пәтерде көршілерімізбен тұрып жатырмыз. Бізге ұсынылған өтемақы көлемі тым аз. Үш бөлмелі пәтер үшін 15 млн, 2 бөлмеге 11 млн теңге. Ол ақшаға дұрыс пәтер табу қиын. Күтеміз. Басқа амалымыз жоқ.
Кейіпкеріміздің 3 баласы бар. Меншігіндегі пәтерде 20 жылдан бері тұрып жатыр. Шаңырағын жамап-жасқап, амалдап отыр. Мамандардың есебінше, Ұлытау орталығындағы үйлердің үштен бірінің тозығы жеткен. Қала билігі осындай 140-қа жуық баспананы бұзып, жаңасын салуға ниетті. Алайда бағдарламаға қатысатын апатты үйлердің төртеуі ғана сүрілді. Себебі тұрғындар ұсынысты қабылдамай жатыр. Инвесторлар үшін де жобаға қатысу тиімсіз сыңайлы.
Төлеген Балтанов, заңгер:
- Ұсынылған өтемақы үйдің құнына сай келмесе, келіспеуге болады. Алайда берілетін үйдің орналасқан жері, бөлме саны, аумағы бойынша шарт қоюға болмайды. Себебі азамат ұсынылған үйді қабылдамаса, мемлекет алдындағы жауапкершілік те алынады.
Иә, тұрғын үй шаруашылығын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2029 жылға қарай апатты және тозығы жеткен баспаналарды реновациялау жоспарланған. Бағдарламаға барлық аймақ қатысады. Оның шарттарын жергілікті билік бекітеді.
Кызғалдақ Медетова, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы:
- Бағдарламаларға сәйкес 20 аймақтың бәрінде жол карталары бекітілген. Сол жол карталары бойынша 2029 жылға дейін бөлшектеліп, үйлердің сандары мен тұрғындардың сандары бәрі бекітілген. Сол бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кезектіліктің бәрін бірінші ретте әкімдіктердің өздері бекітеді. Оның ішінде сүрілетін үйге техникалық сараптама қажет. Ол техникалық сараптама өткізілгеннен кейін ғана ол үйлер сүрілуге жататын деп табылады.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Қазір елімізде 800 апатты үй бар. Жалпы ескірген 2 не одан да көпқабатты үйлердің саны 3500-ға жуықтайды. Оның басым бөлігі осы Астана қаласында шоғырланған.
Сүрілуге жататын апатты үйлердің басым бөлігі Алматы, Астана қалалары мен еліміздің батыс аймағында орналасқан. Қазір тұрғынжайларға техникалық сараптама жасалып жатыр. Бір жылда елдегі апатты үйлердің жалпы аумағы 41%-ке артыпты.
Кызғалдақ Медетова, ҚР ӨҚМ Құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы:
- Жекеменшік үйлердің бұл бағдарламаға ешқандай қатысы жоқ. Реновациялау бағдарламасы бойынша көппәтерлі үйлер жатады. Тұрып жатқан тұрғындарға міндетті түрде не уақытша тұратын үй немесе инвестиция қосылса, бұл үйлерді сүріп, қайтадан орнына үй салу бойынша бірнеше бағдарламалар болуы мүмкін.
Әкімдіктер ескі үйлерді сүріп, жаңасын салу үшін инвестиция тартуға немесе жергілікті бюджет қаржысын жұмсауға дайын. Тіпті жекеменшік банктермен келісім орнатқандары бар. Басты мақсат – қаланың сәулетін сақтап, әлеумет әлеуетін бекемдеу.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев, Ербол Дайыров.