ШҚО-да спорт нысандарының құрылысы жеті жыл бойы тоқтап қалған

Шығыс Қазақстан облысында спорт нысандарының құрылысы жеті жыл бойы тұралап қалған, деп хабарлайды 24KZ.

Ұлан, Марқакөл, Қатонқарағай ауданының тұрғындары жобалардың қолданысқа берілетініне күмәнмен қарайды.

Ал Үлкен Нарын ауылында жабық бассейннің темір қаңқасы ғана тұр. Спорт кешендерінің құрылысы неге орта жолдан тоқтап қалды?

Үлкен Нарын ауылындағы жабық бассейннің құрылысы 7 жыл бұрын басталған. Азамат Төлеген сол кезде 2 сыныпта оқитын. Қазір 9 сыныпты аяқтады. Енді мектеп бітірмес бұрын туған ауылындағы бассейнде жүзуді арман етеді

Азамат Төлеген, оқушы:

- Осында күнде келеміз өткен сайын күнде көреміз, бәріміз ойлаймыз, армандаймыз балалармен қиялдап, бірге түссек, қатыссақ деп. Алайда бітпей жатыр әлі. Біздің сыныптағы балалар өзіміз жүзгенді жақсы көреміз. Сондықтан анда көл бар, соған барып жүземіз, ол алыс.

Әу баста шаруа қарқынды жүргізілгенімен, тез тоқтаған. Салалық басқарма, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, әкімдік мамандары бәрі бірлесіп мердігерден мән-жайды білуге тырқан.

Елдос Байрахметов, Үлкен нарын ауданы әкімінің м.а.:

- Мердігерді өзім келгелі бері 2 рет шақырғам, екі рет сөйлестік, бастаймыз деп маусым айында бастаймыз деп айтты. Осы жылы облыстық бюджеттен 265 миллион теңге бөлінді. Егер жұмыстың бәрін нақты дұрыстап атқаратын болса, біз жақтан ақша бәрі дайын тұр.

Жабық бассейннің құрылысын жалғастырмас бұрын мұндағы құрылыс материалдарының жарамдылығын зерттеу маңызды.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Қаңқасы ғана тұрған бассейннің бүгінгі жағдайы осы. Мына темірлердің барлығын тот басып кеткен. Ал мына цемент бетондар талай жыл жауынмен қар астында тұр. «Ендеше бұл құрылысты жалғастырмас бұрын бұл материалдардың сапасына толық сараптама жүргізілу керек», - дейді мамандар.

Нысанның бас мердігері Марқакөл, Ұлан, Қатонқарағай ауылдарында да спорт кешендерінің құрылысын аяқтай алмай әлек. Әлін білмеген әлек демекші, бір басына бірнеше жобаны міндеттеп алған компания қаржы дағдарысын ұшыраған.

Дидар Кеңесбаев, құрылыс басқармасының басшысы:

- Осы денешынықтыру-сауықтыру кешені құрылыстарының бәрін бір ғана мердігер компания жүргізді. Қазір ол мекеме жауапсыз ұйымдар тізіміне ілікті. Біздің басқармамен арада сот ісі басталды. Әзірге Марқакөлдегі ғимарат бойынша жүріп жатыр. Ал Үлкен Нарындағы нысанға қатысты алғашқы сот отырысы аяқталып, біздің тарап жеңіп шықты. Ол құрылыс жалғасады.

Қатонқарағай мен Ұлан ауданындағы екі нысанның құрылысы биыл аяқталуы мүмкін. «Ал жеті жыл бойы қаңырап тұрған Үлкен Нарындағы бассейіннің бір жазда салынып бітуі екіталай», - дейді жергілікті жұрт.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов