Астанада қазақ тілді медиаконтент жасаушылардың VII форумы өтті

«Болашақтың дидары. Жаңа технологиялар және медиа». Бүгін Астанада қазақ тілді медиаконтент жасаушылардың жетінші форумы өтті, деп хабарлайды 24kz.

АҚШ-тың дипломатиялық миссиясының қолдауымен ұйымдастырылған іс-шарада жасанды интеллектіні қолданудың тиімділігі мен қаупі, оны халықаралық реттеу стандарттары, контент әзірлеу мен тұтынудың мәдениеті мәселелері талқыланды. Сонымен қатар қатысушыларға қосымша шеберлік сабақтар ұсынылды. Мәселен, нейрожелілер мен промптарды күнделікті өмірде қолдану жолдары көрсетіліп, жасанды интеллект көмегімен контент жасаудың технологиясы ұсынылды. Медиа саласының өкілдері қазақ тілді контентке сұраныстың арта беретініне сенімді.

Нұрбек Матжани, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы:

- Алдағы уақытта қазақ тілі жойылып кетеді деген қауіп қазір мүлде жоқ. Және де технология соған дәлел бола алады. Себебі жасанды интеллектінің көмегімен тілдің қауқары, өміріміздің түрлі саласына енуі одан да жылдам болады. Сонымен бүгінгі форумнан тың шешімдерді, тың идеяларды күтемін.

Джуди Куо, АҚШ-тың Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:

- Жақында ғана АҚШ-тың дипломатиялық миссиясы инновациялық идеяларды қолдана отырып, қазақ тілді контентті дамытуға арналған шағын жобаларға 150 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы бөлу туралы жариялаған едік. Мазмұны жөнінен қызықты түрлі өтінім түсті. Жаздың басында қазақ тілді контентті дамытуға арналған қай жобалардың грантты иеленгені белгілі болады. Өз басым бұл форум сала мамандарының өзара тұшымды пікір алмасуына тамаша алаң ретінде қызмет ететініне сенімдімін.