Анкарадағы Түркия қазақтары саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды
Түркия қазақтары саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Алаш қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішінің алдына жиналып, гүл шоғын қойды, деп хабарлайды 24kz.
Меруерт Қанағат, меншікті тілші:
- 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні Анкарада атап өтілді. Ел астанасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы ескерткіші алдында жиналған жұрт «Алаш» ақтаңдағына гүл шоқтарын қойып, құрметпен тағзым етті. «Көк ту» қазақ қоғамының бастамасымен ұйымдастырылған шараға осында өмір сүретін қазақтармен бірге жастарымыз, сондай-ақ жергілікті әкімшілік өкілдері де бар. Ахмет Байтұрсынұлының бой көтерген ескерткішінің орналасқан жері қала орталығынан біршама қашық екенін айта кеткен жөн. Десе де, аталарына құрмет көрсетуге келген жастарымыз үшін бұл кедергі емес. Ұлт ұстазының отырған сәті сомдалған ескерткіштің тұғырымен қоса есептегендегі биіктігі – 4 метр. Ал осы Этимесгут ауданындағы саябақтың жалпы аумағы – 8 мың шаршы метр. Онда демалыс орындары мен спорт алаңдары жасалып, 150 түп ағаш егілген.