ЮНИСЕФ балаларды ойын арқылы тәрбиелеуге шақырады

ЮНИСЕФ 2024 жылды «Балаларды ойын арқылы тәрбиелеу» тақырыбына арнады, деп хабарлайды 24KZ.

Маусым айында халқаралық ұйым және оның серіктестері ата-аналарға кең ауқымды тақырыптар бойынша кеңес береді. Онлайн ойындардың кең таралуына байланысты мамандар ата-аналарға желідегі балалардың қауіпсіздігі туралы нұсқаулар береді. Ата-ана мен бала арасындағы ерекше байланыс қалай қалыптасады? Тәрбие мәселесінде не өзгерді?

«Отбасы шағын – мемлекет». Бұл – Сембековтер шаңырағының басты қағидасы. Отағасы Қазыбек Сембеков Қарулы Күштері Орталық әсекери оркестрінде жұмыс істейді. Ал жұбайы Ақерке – жеке кәсіпкер. Екі бүлдіршіннің ата-анасы, бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға басымдық береді.

Қазыбек Сембеков, ҚР Қарулы Күштері Орталық оркестрінің концертмейстері:

- Біздің отбасымыз негізінен қазақи. Әке-шешеміз ауылда өскен, өзіміз де ауылда өскенбіз. Мен көбіне патриоттыққа және қазақилыққа тәрбиелеймін. Бүкіл қазақи ұлттық ойын болады. Аударыспақ, ат жарыс, көкпар, қазақша күрес. Бәрін ол қарайды. Теледидардан футбол болып жатады. Біздің ұлттық құрамамыз ойнап жатады. Сол кезде олар әнұранды бірге қосылып шырқайды. Қолдарын кеудесіне қойып тұрып. Кішкентай тулары бар біздің Қазақстанның. Соны ұстап тұрып шырқайды.

Бұл ұрпақтар сабақтастығы дерсіз. Қазыбек Сембековке қазақы тәрбие қанмен келген. Оның әкесі қамшы өреді. Ал анасы бос уақытында қолөнермен айналысады. Бала-шаға бас қосқанда немерелеріне де қазақ өнерінің қыр-сырын үйретуге ден қояды.

Дина Игубаева, Қ. Сембеков анасы:

- Бізге отбасы құрғанымызға 43 жыл болды. Мен келін болып түскенде 2 енем, атам болды. Соларды енді кесе көлденең өткеніміз жоқ. Ол кісілер де бізге білмегенімізді үйретті. 5 балам бар, 12 немерем бар. Бәрін жақсы көрем, бәрінің орны бөлек. Енді балаларыма жатар кезде ертегі оқып береміз. Көбіне балалар қазір телефонға көп қарайды ғой. Содан неғұрлым балаларға бұрынғы ұмытылып бара жатқан ойындарды үйретеміз. Мысалы, асық ойнағанды, жұмбақ қазақша. 

«Ата-ананың көңіл күйі балаға қатты әсер етеді», – дейді психолог Әсел Пірімбек. Қазіргі таңда балалардың эмоционалдық жағдайы өзгеше. Маман бүлдіршіндерге айтылған әрбір сөзді бағамдап, оның ішкі әлеміне қалай әсер ететінін ескеруге шақырады. Бұл менталдық денсаулықтың дұрыс қалыптасуына сеп болады.

Әсел Пірімбек, психолог:

- Қазіргі балалардың сезімталдығы өте жоғары. Ата-аналар сол талапқа сай өзгере бастады. Көбінесе консультацияға келетін адамдар балалар арқылы келеді. «Менің балам мектепте булингке шалдығып жүр немесе менің балам энурез сияқты немесе кекештену». Сол кезде логопедтер, неврологтар ол, ең біріншіден, шешесінің эмоционалдық жағдайына байланысты екенін түсінеді.

Нәсілдік, діни, мәдени және ұлттық ерекшеліктеріне қарамастан балалалардың тәрбиешісі де, мұғалімі де, ең алдымен, ата-ана. Бірақ бүлдіршіндердің бойына қарапайым адами құндылықтарды сіңіруіне сіз бен біз де жауаптымыз.

Әсел Пірімбек, психолог:

- 20% – ол қоғамның рөлі. Ал 80% – ол әке-шешенің рөлі. Оның ішінде ананың мына 80%-тің ішінде 80% ананікі. 3 жасқа дейін бала үшін бүкіл әлем – ол ана. Бірақ 3 жастан кейін сахнаға әкесі шығады. Ол баланы шешесінен сепарация жасау үшін керек. Бала деген өзіне өзі сенімді болу үшін, өзінің күшін сезініп, пайдалану үшін.

Халықаралық ұйым биылғы мерекені «Балаларды ойын арқылы тәрбиелеу» деп бекітті. Онлайн ойындардың көбеюіне байланысты, ата-аналарға желідегі балалар қауіпсіздігі жайлы айтылады. Маусым айында ЮНИСЕФ ойынның ғылыми негіздерінен бастап, отбасыға қызықты тақырыптар бойынша кеңес береді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов.