Атырау мұнай өңдеу зауытында су тазарту қондырғысы іске қосылды

Атырау мұнай өңдеу зауытында механикалық су тазарту қондырғысын іске қосудың алғашқы кезеңі аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Қондырғы сағатына 1 мың текше метр қалдық суды тазарта алады. Бұған дейін кәсіпорын пайдаланған мол суды жинайтын бассейннің мұнай қалдықтарымен ластанып жатқаны жөнінде экологтар дабыл қаққан еді. Енді зауыт қалдық суды 70%-ке дейін тазартып, өндіріске қайта жарата алатын қондырғының құрылысын қолға алды. Жоба толық жүзеге асқанда Жайықтан алатын судың көлемі жылына 8 милионнан 5 миллион текше метрге дейін азаймақ. Қазірдің өзінде тазартылған жасанды көлге қаз-үйректер қона бастаған.

Нұрлан Ещанов, Қоршаған ортаны қорғау бөлімінің басшысы:

- Мұнда түрлі тіршілік иелері, құстардың түр-түрі мекендейді. Оның ішінде «Қызыл кітапқа» енген аққулар, қоқиқаздар ұя салуға ұшып келді. Сонымен қатар су ресурстарын үнемді, тиімді пайдалану мақсатында зауыт ағынды суларды қосымша тазарту қондырғысын салуды жоспарлауда.