Астанада бір күнде 5 велосипед ұрлаған жасөспірімдер ұсталды
Астанада жасөспірімдер бір күнде бес велосипед ұрлап, олардың біреуін ізін суытпай сатып үлгерген, деп хабарлайды 24kz.
Бұл мұндай ұрлықтың біріншісі емес. Жыл басынан бері қала бойынша 98 осындай қылмыс тіркелген.
Зарина Кәп, тілші:
- Астанада бір күнде бес велосипедті ұрлаған 14 және 15 жастағы жасөспірімдер ұсталды. Екеуі бір аймақта орналасқан тұрғын үйлердің ауласында тұрған құны 90 мың теңгелік велосипедтерді қолды қылған. Тіпті оның біреуін сатып үлгерген.
Эльмира Шауленова, Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Алматы ауданы полиция басқармасына 5 қала тұрғыны велосипед ұрлығы туралы жүгінді. Жедел іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен екі жасөспірім ұсталды. Оларды 14-15 жастағы жасөспірімдер. Қазіргі кезде кәмелетке толмаған азаматтардың ата-анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізді. Бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша 98 ұрлық тіркеліп, оның 71-і ашылған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көбінде тұрғын үйлердің кіреберісінде, аула мен демалыс орындарында да жиі болады. Ал оны қолды қылатындардың көбі - 20 мен 30 жас арасындағылар.
Блиц 1:
- Қазір велосипедтерді қоятын арнайы орындар көбейді. Сондай жерлерге арнайы құлыппен құлыптап кетемін. Сақтықта қорлық жоқ.
Блиц 2:
- Жұмысқа келгенімде осы велосипедімді камера бар жерге қойып, құлыптап кететін болдым.
Блиц 3:
- Велосипедті барынша құлыптап кетуге тырысамын. Болмаса, арнайы қоятын орындарға қоямын. Үнемі құлыптап жүремін.
Ұрылардың шапшаңдығына көз ілеспейді. Дүкенге кіріп шыққанша велосипедіңізден айрылып қалуыңыз мүмкін.
Эльмира Шауленова, Астана қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі:
- Велосипед ұрлығы маусымдық қылмыстардың бірі болып табылады. Жаз басталғалы бері велосипед ұрлығының саны көп. Азаматтарды өз жеке мүліктеріне сақ болуға шақырамыз.
Ұрылар велосипедті таңдамайтын тәрізді. Өйткені қолды болғандарының ішінде кәдімгі көшеде жүргендері, арзан-қымбаты, спорттық түрлері де бар. Тіпті мүгедектерге арналған велосипедті де ұрлап кеткен.
Авторлары: Зарина Кәп, Ырыстанбек Оспанов