Асық ойнайтын неміс қызы: тез шешім қабылдауға үйретеді

Неміс қызы Олеся Пфафенгут Бес асық ойынын шебер ойнайды.

Ол оны оқушы кезінде үйренген, деп хабарлайды 24kz. Содан бері тастаған емес. Қайта қарымын шыңдап, талай жарыста бақ сынады. Ал бүгінде спорт шеберлігіне үміткер. Қазір Олеся балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Енді бар білгенін бүлдіршіндерге үйретіп жүр. Балалардың да ықыласы ерекше. Мұқият тыңдап, апайының әр қимылын қалт жібермеуге тырысады.

Олеся Пфафенгут, тәрбиеші:

- Біз бес асық ойынын балалармен жиі ойнаймыз. Себебі ол адамды ептілікке, батылдыққа, тез арада шешім қабылдауға үйретеді. Әрбір ойынның өзіне тән ережесі, әдіс-тәсілдері бар. Оларды балалардың жас ерекшеліктеріне қарай үйретемін.

Асық ойындарының пайдасы көп. Тәрбиенің қайнар көзі.  Әрі қол моторикасы дамиды. Бөбектер ойынды меңгеріп қана қоймай, тарихымен де таныстады. Осылайша қазақтың ұлттық ойыны қайта жаңғырып, қолданысы кеңейді.

«Балабақшаға 20-ға жуық асық әкеліп қойдым, оны маған таныстарым сыйлады. Ал 12 жасымнан бастап жинаған асықтарым үйде тұр. Мен оларды көзімнің қарашығындай сақтаймын. Шілде және тамыз айларында елімізде асық атудан үлкен жарыс өтеді. Енді соған дайындалуым керек», - дейді тәрбиеші.

Төл ойынға шетелдіктердің де қызығушылықтары жоғары. Сақасын сайлап, асығын майлап жүрген ұл-қыздар Мажарстанда жетерлік. Оған мажар-қазақ мәдени ұйымы ұйытқы болды. Үш ай бұрын құрылған орталық жәдігерлерімізді дүйім жұртқа паш етіп жүр. Қазір бұл елде 30 шақты қарагөзіміз тұрады. Жат жерде өсіп жатқан қазақ балалары да ата-баба дәстүрін ұлықтауға құлықты. Ал оны дәріптейтін бірден бір құрал – ұлттық ойындар. Мажар жастары арасында асық атудан бөлек, Бестемше мен Тоғызқұмалақ кеңінен танымал.

Жанаргүл Бақтыгерейқызы, мажар-қазақ мәдени ұйымының басшысы: 

-Мынау қазір Қазақстанның берген асығы. Мынау Мажар балаларының жасаған асығы. Мұны 3D программамен жасап шығарып, ойнап жатырмыз. Қалтамда, сөмкемде үнемі асық жүреді. Балаларды жинап алып, бес асықты ойнататын әдетім бар. Үлкен 70-тен асып кеткен кісі келіп, өте қуанып кетті. Мынау біздің баяғы Биказаш деген ойын ғой. 70 жыл бұрын ойнайтынбыз деп ойнап кетті, ережесінің барлығы біздің бес асықтың ережесімен бірдей. Олар тек қана таспен ойнаған екен.

Асықты серік еткен бір топ мажар баласы енді Қазақстанға келуді армандайды. Мақсат – көшпенділер ойынына қатысу. Бірақ оған қаражаттың жоқтығы – қолбайлау.

«Көшпенділер ойынына барғымыз келіп отыр. Бірақ спонсорымыз болмағаннан кейін жол мәселесі қиын болып тұр. Қазақ ағалар жолды көтеретін болса, келіп қатысып, мына мажар балалар техникасын үйреніп қайтса ойлаймыз. Асық атудан бірінші рет барайын деп отырмыз. Өз көздерімен көргенін қалап отырмын, өйткені мен үйреткенмен ол жердегі профессионалдардың үйреткені әртүрлі ғой», – деп баяндайды ұйым басшысы.

Ең бастысы – жас ұрпақтың жүрегін ұлттық өнерге бұра алсақ игі. Алыстағы ағайынның тілегі осы.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Ақылбек Есімсейітов