Елімізде шомылуға рұқсат етілген 612 орын анықталды

Еліміздің су айдындарында шомылуға рұқсат етілген 612 орын бар, деп хабарлайды 24kz.

Суға түсуге болмайтыны және тыйым салынғаны туралы 6,5 мыңнан аса ескерту белгісі қойылды. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді.

Шомылу маусымы басталғалы құтқарушылар 13 адамды аман алып қалған. Алайда, бірінші онкүндіктің өзінде судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған 8 азамат опат болған. Оның төртеуі бала. Осыған байланысты төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов бақылау шараларын күшейтуді және су айдындарында сағат сайын рейд жүргізуді тапсырды. 20 мыңнан астам патрульдеу мен рейд нәтижесінде 525 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандар тұрғындарды рұқсат етілген қауіпсіз су қоймаларында ғана демалуға, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.