Астана – Сеул тікелей әуе рейсі қайта ашылады

Бүгін Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ёль елімізге мемлекеттік сапармен келеді деп жоспарланып отыр.

Екі ел басшылары келіссөз жүргізеді және қазақ-корей бизнес-форумына қатысады деп күтіледі, деп хабарлайды 24kz.

Ал, 15 маусымда Астана мен Сеул арасында тікелей әуе рейсі қайта ашылады. Естеріңізде болса, бұл бағыт жаһандық пандемия салдарынан тоқтап қалған еді. Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында қатынаған жолаушылар осы уақытқа дейін Алматыдағы халықаралық әуежайын ғана пайдаланып келді. «Бұдан былай қос ел арасындағы туристік байланыс тек нығая түспек», - дейді мамандар.

Қызылорда облысының тумасы Татьяна Сон Оңтүстік Кореяға алғаш рет 2003 жылы келген. Қазақстанда өсіп, білім алған. Қазір Инчхон халықаралық әуежайында транзиттік тур қызметкері болып жұмыс істейді. Кіндік қаны тамған туған еліне жиі келіп тұрады.

Татьяна Сон, Инчхон халықаралық әуежайының транзиттік тур қызметкері:

- Қазақстаннан келген немесе Қазақстанға бағыт алған транзиттік жолаушылар аз емес. Биыл қаңтар айында басталған бағдарламамыз транзиттік сапардағы жолаушыларға арналған. Тәулік бойы әуежайда аялдап қалғысы келмейтін қонақтарға Сеулдің әсем жерлерін аралатамыз. Әр бейсенбі күні ақылы негізде елдің солтүстік шекарасындағы кеден бекетін көрсетеміз. Орта есеппен күніне 20 мың транзиттік жолаушы Инчхон әуежайы арқылы ұшады.

Инчхон әуежайында жолаушылардың уақытын пайдалы өткізуге арналған орын көп. Шағын музейлер, интерактивті-танымдық бөлмелер, көрмелер мен мәдени алаңдар бар.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бұл – халықаралық әуежайдағы К-Culture, яғни, «Корея мәдениеті» алаңы деп аталады. Менің үстімдегі – ханбок және басымдағы – иксонгван. Байырғы заманда патшалар киген. Бұны айдаһар бейнеленген мына суретінен-ақ байқауға болады.

Қазақстандық туристердің көбі таңғы самал еліне медициналық қызмет алуға, танымдық бағдарламаларға қатысуға, спорттық және мәдени шаралар мен тарихи жерлерді көруге барады.

Олжас Бағдатов, Астана қаласының тұрғыны:

- Келгенімізге бір-екі күн болды. Қазір Сеулға келіп, осы «Лотте Тауэрдеміз». Gangnam Style деген жерлері бар, сол жаққа барып, көруге болады. Және де тарихи музейлер көп осы жерде. Мәдениет жағынан өте ұқсаймыз. Кәрістер үлкендерді сыйлайды. Жұмысқа адал, мұқият қарайды. Еңбекқор. Түрлеріміз де кішкене ұқсайды. Оңтүстік Корея мен Қазақстан арасындағы байланыс дами берсін. Бір-бірімізбен жақсы қарым-қатынас болуына тілектеспін.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Бірі білсе, бірі білмес. Оңтүстік Корея астанасы Сеулдің өзінде халықаралық әуежай жоқ. Барлық турист осы Инчхон қаласындағы әуе айлағы арқылы ұшады. Бұл шаһар – елдің негізгі қақпасы. Айналасында 170-ке жуық ірілі-ұсақты аралды қамтитын қала теңіз байланысының да хабы саналады.

Қазір Инчхон мен Сеул қалаларын байланыстыратын метро салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Осылайша, жолға жұмсалар уақыт 1 сағаттан 30 минутқа дейін қысқарады.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Оңтүстік Корея астанасы Сеулде халық саны 9,5 млн болса, іргеде орналасқан Инчхонда 3 млн-ға жуықтайды. Бірақ бұл қала аумағы жағынан Сеулге қарағанда әлдеқайда үлкен. Қазір біз Инчхон қаласындағы орталық саябақ бойымен жүзіп келеміз.

Сун Юн Ми Central Park аумағында гид болып жұмыс істейді. Салада жүргеніне 10 жылдан асқан. Айтуынша, бұл саябақ 1993-2003 жылдар аралығында кешенді түрде жаңғыртылды.

Сун Юн Ми, экскурсия жүргізушісі:

- Маған өз жұмысым ұнайды. Қонақтарға Инчхон қаласының әсем жерлерін көрсетуден жалықпаймын. Әлемнің біраз елінде болдым. Келесі жылы Орталық Азияға барғым келеді. Оның ішінде сапарымды Қазақстаннан бастап, тарихи жерлерін көруге асықпын.

Бүгінде екі елдің азаматтары визасыз 30 күн бойы жүре алады. Бұл жеңілдік 2022 жылдың сәуір айында жүзеге асты. Бар болғаны К-ЕТА онлайн анкетасын толтырып, рұқсатнама алу керек. Оның нәтижесі өтінім бергеннен кейін 1-2 күн ішінде белгілі болады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов, Жанаман Ерғалиев