Қазақстанда тұрғын үй кезегі қайта қаралып, бірыңғай база жасақталады
Елімізде баспана кезегінде тұрғандардың тізімі қайта қаралып, бірыңғай база жасақталады, деп хабарлайды 24kz.
Тұрғын үй кезегін енді жергілікті атқарушы органдар жасамайды. Тізім «Отбасы банкі» ұлттық даму институты арқылы реттеледі. Мәжіліс тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі заң жобасын екінші оқылымда мақұлдап, Сенаттың сүзгісіне жолдады. Құжатқа мемлекеттің қолдауы арқылы салынатын пәтерлердің 70%-ін әлеуметтік осал топтарға беруге қатысты норма енгізілді.
Қазір 650 мың адам баспана кезегінде тұр. Ресми мәлімет осындай. Бірақ оны қайта тексеру қажет. Себебі, олардың қатарында үй алғандар, тіпті шетелге кетіп қалған азаматтар болуы мүмкін. Мәжіліс депутаты Ұлықбек Тумашинов осылай деді. Енді заңбұзушылықтар жойылып, шын мәнінде мұқтаж жандардың баспанаға қол жеткізуіне жағдай жасалады.
Ұлықбек Тумашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банкі» толыққанды даму институты ретінде азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген. Тұрғын үймен қамту орталығы және электрондық мәліметтер базасы құрылады.
«Отбасы банк» тоқсанына бір рет кезекте тұрғандарды түгендейді. Осылайша, мәліметтер дер кезінде жаңартылып отырады. Тізім қаржы институтының сайтында жарияланады.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Әрбір өтінім бойынша біз отбасының цифрлық портретін жасаймыз. Ол кірістер, мүлік және активтер туралы ақпаратты қамтиды. Бұл тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтың отбасылық және қаржылық жағдайының барлық аспектілерін ескеруге мүмкіндік береді. Азамат туралы толық ақпаратты біле тұра, біз оның тұрғын үй мәселесін тиімдірек шеше аламыз.
Заң жобасының бір бөлігі жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге қатысты. Бүгінде 51 мың отбасы дәл осы сатып алу құқығынсыз арендалық баспанада тұрып жатыр. Енді оларға бастапқы құнының қалғанын төлеп, пәтерді сатып алуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, жалдамалы пәтер 5 жыл бұрын алынған болса, сол кездегі құны сақталады. «Ал, қазір нарықтағы бағаның бірнеше есе өскенін ескерсек, бұл жақсы мүмкіндік», - дейді депутаттар. Азаматтардан да осы мәселеге қатысты көп өтініш түскен.
Ұлықбек Тумашинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бұрын ондай құқық болмайтын. Сондай сұрақтар көп болды, «бізді шығарып жібере ме?» тағы басқа деген. Жоқ, ондай болмайды. Егер ол адам бүгін жекешелендіре алмайтын болса, сол пәтерде тұра береді. Шамасы келген кезде қалдық құнымен мысал үшін сіз алған күні 2017 жылы ол 8 млн болса, бүгін нарықта 16-17 млн тұрады. Ал сіз оны қалай болды, сол бағамен аласыз. Оның еще амортизациясы болады, жылда 2%-ін азайтып отырады. Сонда 8 млн 7 млн-ға жуық болады.
Қызметтік баспанада 10 жылдан аса тұрып жатқандар да пәтерді жекешелендіре алады. Мұнда да «қалдық құны» принципі қолданылады. Сондай-ақ қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың отбасын 1 жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті енгізілді.
Авторлары: Рухани Асқар, Ербол Дайыров