Су мәселелерін шешу: бес ел арасында тәжірибе алмасу тренингі өтті
Білікті мамандар арасында тәжірибе алмасу тренингі өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Қазақстан дипломаттары қатысты. Халықаралық Аралды құтқару қорының Атқару комитеті мен Экономикалық зерттеулер институтының мамандары тәжірибелерімен бөлісті. Мұнда су мәселелерін шешу тақырыбы талқыланды. Шет ел мамандарының бас қосуы KazAID грантының қолдауымен жүзеге асырылды.
Әлішер Базарбаев, KazAID халықаралық даму агенттігінің бас менеджері:
- «Достық: Дипломатия» бағдарламасы елдің тұрақты дамуы мен саясатын қалыптастыруға қатысатын орта және жоғары деңгейдегі дипломаттарға арналған. Бұл бас қосу еліміздің жетістіктерін насихаттай отырып, өзге елдердің мамандары арасында тәжірибе алмасуға арналды. Осындай іс-шара шетелдің білікті мамандарымен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Мұқаддас Темурзода, Тәжікстан Республикасы СІМ өкілі:
- Тренингті ұйымдастырған қазақстандықтарға алғыс айтамын! Кездесуде су шаруашылығы жайлы әңгімелестік. Әр елдің білікті мамандарының пікірін тыңдап, тәжірибе алмастық.