БҚО-да газ тапшылығы шешілді

Батыс Қазақстан облысында сұйытылған газ тапшылығы шешімін тапты, деп хабарлайды 24KZ.

Бұған дейін өңірдегі 110 газ құю стансысының бірқатарында пропан мүлде болмаған. Барының өзінде ұзын-сонар кезек еді. кейбірі талонмен ғана беріп келді. Мамандар мұның себебін Атыраумен арадағы көлік жолын су шайып кеткесін ауыр жүк көліктері жүре алмайтындығымен түсіндіреді. Жалпы облыстың автогазға қажеттілігі айына 4 мың жарым тонна болса, соның 2 мың тоннаға жуығы жергілікті Чинярев кен орнынан алынады. Қалғаны Атырау мұнай өңдеу зауытынан тасымалданады. Екі қаланың арасында көлік қатынасы нашарлауына байланысты Ақтөбеден қосымша 1188 тонна пропан бөлініп, бүгін соның 612 тоннасы Оралға жеткізілді.

Орынбасар Қожанов, қала тұрғыны:

- Жолға байланыстырып айтып жатыр ғой. Атыраудан келіп үлгермей жатыр. Сенбі басталды-ау деймін. Содан бері осылай ғой. Жасамай жүр едім. Бітіп қалар деп, иә, қымбаттап кетер деп келіп тұрмын. Жасап алайыншы деп.

Әсел Әбуева, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- Бүгін 17 вагон келді Ақтөбеден Оралға. Ірі нысандарға жеткізілді. Сол жерден барлық автогаз құю қосындарына таратылады. Жағдай тұрақты. Осы аптаның аяғына дейін Орал-Атырау жолын қалпына келтіреді деп жатыр. Содан кейін сұйытылған газды бұрынғыша Атырау зауытынан алатын боламыз.