Америкалық ғалым Арал теңізі туралы кітап жазуды қолға алды
Арал теңізі жайлы өз зерттеуін жүргізіп жатқан америкалық ғалым кітап жазуды қолға алды, деп хабарлайды 24kz.
Сара Кэмерон сол үшін Қазақстан мен Өзбекстанға аттанып, мәселені тереңірек қарастырмақ. Бұған дейін қазақ даласындағы ашаршылықты зерттеген ол «Ашаршылық жайлаған дала» атты кітабын жарыққа шығарған болатын. Қазақстанда бірнеше мәрте болған профессор: «Бір теңіздің екі жағалауының жағдайын көру тарихтың ең қызықты аспектілерінің бірі», дейді. Өзбекстан жағында су 1960 жылдары тартылса, Қазақстанда он жыл кейін тартылған. Бұның себептері әртүрлі. Жалпы Арал тақырыбында көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілген.
«Мысалы химиялық, физикалық жағынан еңбектер болғанымен, табиғи дағдарыс аймақтағы адамдарға қалай әсер еткені туралы бізде толық түсінік жоқ», - дейді ғалым.
Сара Кэмерон, ғалым-сарапшы:
- Мен тұрғындардың көрген қасіретіне ғана емес, сол жерде өмір сүруге тырысқан әңгімелеріне назар аударғым келеді. Мені сол жердегі адамдардың ауызбіршілігі таңғалдырды. Халықтың дені тұрып жатқан қалаларын жақсы көреді, сонда қалғылары келеді. Туып өскен жері, ата-бабасының мекені олар үшін маңызды. Кітабымда жазғым келетін бір мәселе осы. Кейбіреулер жергілікті халықты апат аймағынан көшіріп тастайық деуі мүмкін. Бірақ бұл көзқарас дұрыс емес деп ойлаймын. Тұрғындар не қалайтынын білу керек. Жалпы аймақтағы миграция мәселесі әлі де зерттеуді қажет етеді. Қанша адамның қайда және қашан көшкені туралы мәліметтерді архивтерден жинауға тырыстым. Жалпы Арал тарихы америкалық аудитория үшін өте қызықты және маңызды.