Қызылорда облысындағы медициналық мекемелерге 50 жаңа көлік берілді

Қызылорда облысындағы медициналық мекемелердің автопаркі жаңартылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Биыл өңірге 200 санитарлық автокөлік әкелу жоспарланып отыр. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд теңге қарастырылған. Бүгін автокөліктердің алғашқы легі жеткізілді. 50 темір тұлпардың кілті қалалық емханалар мен ауылдық дәрігерлік амбулаторияларға табысталды. Салтанатты рәсімге денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қатысты.

Айта кетейік, биыл өңірде 27 медициналық нысанның құрылысы басталды. Оның 11-і осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Олжас Ысқақов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- 200 көлік алып жатырмыз. Соның 50-і бүгін келіп отыр. Дәл осындай көліктер былтыр жыл соңында беріліп, қалалық медицина ұйымдарына берілген болатын. 2023 жылдың басында біз 35 жедел жәрдем көлігін алып, жедел жәрдемге деген қажеттілікті түгелдей жапқанбыз. 200 санитарлық автокөлікпен біз енді санитарлық автокөлікке деген қажеттілікті облыстағы түгелдей жауып отырмыз.