Солтүстікте 276 отбасы баспаналы болды
Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыннан зардап шеккен 276 отбасы баспаналы болды.
Біразы екінші нарықтан дайын үй алды. Қалғанына "Бірлік" шағын ауданынан жаңа тұрғын жай беріледі.
Светлана Корабельникова жаңа қонысқа жайғасып жатыр. Оның Прибрежное ауылындағы үйі суға кетіп, тұруға жарамай қалды. Енді ол отбасымен бірге аудан орталығы – Бескөлде тұратын болады. Оларға қор қаржысына жер үй сатып алынды.
Светлана Корабельникова, Бескөл ауылының тұрғыны:
- Комиссияның шешімі шыққаннан кейін күйеуімізбен бірден үй іздей бастадық. Үш - төртеуін қарап осыған тоқталдық. Өзімізге өте ұнайды. Іші де, сырты да әдемі.
Қызылжар ауданында көктемгі тасқында мың жарымға жуық үйді су басты. Әзірге соның 260-сы «апатты» деп танылды. Оның бәрі бұзылып, тұрғындарға баспана беріледі. Бүгінде 19 өтініш иесінің ақшасы түсті.
Алма Нұрғалиева, Қызылжар ауданы бойынша комиссия төрағасы:
- Қазір қорға 47 құжат жолданып, тіркеуден өтіп жатыр. Бүгін-ертең ақшасы аударылады. Өтініш беруші үйді өзі табады. Баға әртүрлі. Мысалы, аудан орталығы бойынша бес жылдан аспаған баспананың бір шаршы метрін 283 мың теңге деп белгіледік.
Облыс бойынша 1720 үй апатты деп танылды. Зардап шеккен тұрғындардың өтінішін қоғамдық комиссиялар қабылдап, қорға өтініш жолдайды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков