Ақтөбеде ауа температурасы 40 градустан асады
Ақтөбеде күн шыжып тұр, деп хабарлайды 24KZ.
Түсте ауа температурасы 40 градустан асады. Синоптиктер тіпті өңірдің оңтүстік аудандарында 43 градусқа жетеді деп болжайды.
Енді күннің бұлай ысуы созылмалы дерті бар жандарға қауіп. Осы кезде облыста жедел жәрдемге шақырту көбейген.
Зейнеткер Анна Сиванова әрдайым дәрігерлердің бақылауында болуы тиіс. Қант диабетіне шалдыққалы аудандық емханаға жиі келеді. Бұл жолы аптап ыстықтан әлсіреп әзер жеткен.
Анна Сиванова, қала тұрғыны:
- Қан қысымым қатты көтеріледі. Бұл ыстық ауыр тиіп тұр. Реті келсе, далаға шықпауға тырысамын.
Дәрігерлер: «Созылмалы дерті бар науқастар басты назарда», – дейді. Себебі жүрек-қан тамыр, тыныс алу ағзалары ауруларына, қант диабетіне шалдыққандар мен егде адамдарға, жүкті әйелдер мен сәбилерге күн өту дерегі жиі кездеседі. Сондықтан емхана медбикелері мен дәрігерлері есепте тұрғандарға өздері барып жүр.
Ботагөз Мэлсова, отбасылық медицина емханасының бөлім меңгерушісі:
- Пациенттерге осы ыстықта далаға шықпа деп кеңес береміз. Өйткені ыстықта далаға шығып, құлап қалуы мүмкін. Сондықтан күніне 5-6, кейде 10-ға дейін шақыру болады. Аймақтағы дәрігерлер мен медбикелер үйге барып, дәрісін апарып беріп қарайды, қан қысымын өлшейді. Дәрілер тағайындайды.
Күн ысығалы жедел жәрдемнің де жұмысы қауырт. Бұған дейін тәулігіне 800-ге жуық шақырту түссе, қазір қоңырау саны мыңнан асады. Соңғы 4 тәулік ішінде қан қысымы көтерілген 561 науқас пен жедел коронарлық синдроммен 90 шақырту тіркеліп отыр.
Гүлмара Балмағамбетова, облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары:
- Жас балалар температура, дене қызуының көтерілуі, құсу сияқты симптомдармен шақыртылды. Ересек адамдардың екеуі қан қысымы, қызумен шақыртылды.
Синоптиктер мұндай ауа райы аптаның соңына дейін сақталуы мүмкін деп болжайды. Облыстың солтүстігі мен батысында және оңтүстігінде жаңбыр жауып, найзағай ойнауы ықтимал. Алайда жауын-шашын аптап ыстықты баса қоймайды. Тек сенбі-жексенбі күндері ауа температурасы 28-33 градусқа дейін төмендеуі мүмкін.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев.