5 айда байланыс сапасына қатысты 11 мың шағым түсті

Былтыр еліміздегі интернет пен ұялы байланыстың сапасына қатысты 21 мың шағым түскен.

Биылдың 5 айында 11 мыңға жуық тұрғын интернет жұмысына көңілі толмайтынын жеткізген. Бұл жайында Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында айтты. Ол: «мәселе тек шалғай елді мекендерге емес, қалаларға да қатысты», – деді.

Айта кетейік, бүгін Үкіметте, байланыс саласындағы түйткілдер талқыланған болатын. Олжас Бектенов мектептерді Starlink технологиясы бойынша спутниктік интернетпен қамту, барлық өңірде толыққанды жүзеге аспай отырғандығын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарды тездету қажет. Сондай-ақ шекара бекеттерінде байланыстың сапасы тұрақсыз. Бұл келеңсіздіктер шекарадан өту кезінде кедергі келтіреді. Үкімет басшысы мәселені де жедел шешуді тапсырды.

Жалпы Министрлік операторлар және әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы инфрақұрылымды жаңартуы қажет. Қазір нарықта операторлар тариф құнын ұлғайтуды әдетке айналдырып, бәсекелестік болмай отыр. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс. Сондықтан байланыс қызметтерінің көлемін арттыру экономикалық өсудің маңызды аспектілерінің бірі екені белгілі. Біз сапалы интернеттің барлық жерде кеңінен таралғаны туралы әзірге ауыз толтырып айта алмаймыз. Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді.