Вейпке салынған тыйым бүгін өз күшіне енді
Вейп және оған құйылатын арнайы сұйықтықты елге әкелуге, сатуға, таратуға және өндіруге салынған тыйым бүгін өз күшіне енді.
Вейпті және оған құйылатын арнайы сұйықтықты елге әкелуге, сатуға, таратуға және өндіруге салынған тыйым бүгін өз күшіне енді. Өйткені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына қарасты "Мектеп жасындағы балалардың денсаулыққа қатысты мінез-құлқы" бюросы жүргізген зерттеуіне сәйкес, 2022 жылы оқушылар жаман әдетке жиі әуес бола бастаған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексі 301-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес, электрондық темекіні сатқандар 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.
Оны төлей алмаған жағдайда, 200 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылады немесе 50 тәулікке қамалады. Вейпті елге әкеліп, өндіргендер 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі немесе қоғамдық жұмысқа тартылатын уақыты 600 сағатқа дейін ұзартылады. Одан бас тартса, 2 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал заңға шекеден қарап, қылмысын бірнеше мәрте қайталаған топтарға салынатын айыппұл көлемі 18 млн теңгеден асады. 1200 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеледі немесе 5 жылға сотталады.
Ал вейпті белгіленбеген жерде шеккендер кәдімгі шылым тұтынушылары сияқты 11 мың тг көлемінде айыппұл төлейді. Айта кеткен жөн, 2020 жылы вейп сатқаны үшін төленген акциздердің жалпы құны 17 млн теңгеге жетті. 2021 жылы 29 млн теңге болса, 2022 жылы 211 млн теңгені құрады. Ал 2023 жылдың алғашқы 8 айында төленген жанама салық көлемі 700 млн теңгеге жуықтады.