Роман Скляр: Қарағанды – Балқаш автожолының құрылысы биыл аяқталуы тиіс
Қарағанды – Балқаш автожолының жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды 24kz.
Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жауаптыларға осындай тапсырма жүктеді. Ол бұл тасжолдың «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті. Бұған қоса, Жұмабек, Ақсу, Ақшатау, Ақсу-Аюлы елді мекендері мен Балқаш қаласы үшін бес айналма жол салынды. Ауыл шаруашылығы техникасы өтуі үшін 32 өтпе жол мен 11 көпір құрылысы аяқталды. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілері жаңғыртылды. Оған қоса, қалада 3 жылдан бері ұзындығы 10,6 шақырымды құрайтын магистральдық жылу желілеріне реконструкция жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады деп жоспарлануда. Барлығы 25 километр жылу желілері ауыстырылады. Станция жабдықтарын жөндеп, жаңғыртуға 2,6 млрд теңге қаржы бөлінген.
Ерлан Жұмағұлов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры:
- Мердігер Балқаш қаласының іргесіндегі теміржол арқылы өтетін көпір мен жол айрығы құрылысын аяқтады. Жоба аясында арнайы демалыс алаңдары салынады. 18 алаңның ішінде модульдік үлгідегі 8 санитарлық-гигиеналық торап бар. Аялдап отыратын арнайы орындар мен автокөліктерді жөндеуге арналған эстакадалар да қарастырылған.
Қайрат Қамзин, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:
- Осы жоба бойынша бүкіл қаражат республикалық, облыстық және жергілікті Қарағанды қаласының бюджетінен толық бөлінген болатын. Жобаның құны – 45 млрд теңге. Осы жылға 15,5 млрд теңге бөлінген болатын. 75-тен астам адам жұмыспен қамтылды. Бүкіл мамандық толық штатта бар.