23 маусым – Қазақстан полициясы күні
Ұрлық, кісі өлтіру, жол-көлік апаттары мен алаяқтық. Елде жыл сайын мыңдаған қылмыс пен әкімшілік құқықбұзушылық тіркеледі, деп хабарлайды 24kz.
Олардың саны азаймағанымен, ізін суытпай ашу артқан. Бұл ретте тәртіп сақшыларына тың технологияның көмегі зор. Полиция қызметкерлерінің жұмысындағы жаңашылдық қандай?
Дильназ Тұрғазыева, тілші:
- Полицейлердің жұмысын жеңілдеткен жүйе – 102 мобильді қосымшасы. Оның көмегімен тұрғындар кез келген құқықбұзушылықты онлайн хабарлай алады. Бұл бағдарлама пайда болғалы бері тәртіп сақшылары 100 мыңнан астам өтінішті қабылдап үлгерді.
Гүлнәр Айтех, ҚР ІІМ Ақпараттандыру және байланыс департаментінің инженері
- SOS батырмасын басу арқылы мен полицияға хабарластым. 102 операторы менің тұрғылықты мекенжайым, яғни, менің қайда орналасқаным хабарланады. Және де мен видеоформатта өзімнің жағдайымды көрсете аламын. Егер қандай да бір оқиғалар орын алып жатса, мен ол туралы хабарламаны айта алмай жатсам, онда онлайн форматта осылай көрсете аламын.
Көшелерде, қоғамдық орындардағы бейнекамералар жедел басқару орталығына қосылған. Қазір Астана бойынша 32 мыңнан астам бақылау құрылғысы бар. Мамандар олардың көмегімен биыл 12 мыңнан астам құқықбұзушылық анықтаған.
Олжас Көпжасаров, Астана қаласы ПД ЖБО аға инспекторы
- Ең біріншіден, жедел басқару орталығына түскен 102 арнасына түскен қылмыстар мен құқықбұзушылықтар бойынша хабарламалар аудан бойынша қабылданып, аға инспекторы полиция кешендерін жібереді. Полиция кешендері 5-7 минутта біздің ІІМ бұйрығына сәйкес оқиға орнына жетіп, мән-жайын жедел басқару орталығына жібереді. Жедел басқару орталығы тергеу тобын жібереді, тағы да қосымша нарядтарды жіберіп отырады.
Қазір Қазақстанда 1 млн 324 бейнекамера жұмыс істеп тұр. Оның 287 мыңы жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдерге қосылған. Жыл басынан бері жол қозғалыс ережелерін бұзған 2 млн 171 мың жағдай тіркелді. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 24 млрд теңге айыппұл салынды. Ал, бұл – Ekin Patrol кешені. Соңғы болып енгізілген жаңашылдық. Ол жылдамдықты шамадан тыс арттырған көліктерді анықтайды.
Руслан Рақышев, Астана қаласы ПД ПП Полкінің қызмет инспекторы
- Ekin Patrol G2 жүйесі. Бұл 9 камерамен жабдықталған. Төртеуі регистратор. Және біреуі радар. Жаңағы потокта келе жатқан машинаның жылдамдығын анықтайды және қарама-қарсы бағыттағы көліктерді де анықтай береді. Және бұл автокөліктің ішінде 360 градус қой, соның ішінде де камера орнатылған. Автокөліктің ішін де көрсетіп отырады. Онлайн режимде және де жүргізуші куәлігінен айырылған жүргізушілерді және осы біздің орталыққа түсетін бағыттамаларды көрсетіп отыратын автокөлік.
Бұдан бөлек, тәртіп сақшылары қазір видеожетондарды жаппай қолданып жатыр. Бұның да өзіндік ерекшелігі бар.
Арман Әкіржанов, ҚР ІІМ техникалық қызмет департаменті бастығының орынбасары
- Бейнежазбаларды жою және редакциялау мүмкіндігі алып тасталған. Полицияның орналасқан жері көрсетіледі. Қызметкерлердің жағдайы онлайн бақылауда. Жоғалған немесе ұрланған кезде смарт жетонды құлыптау. Бұның бәрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады.
Осыдан 5 жыл бұрын елде құқық қорғау жүйесінде ауқымды реформалар жасалды. Оны жүзеге асыру үшін бюджеттен ондаған млрд теңге жұмсалды. Қазір Ішкі істер министрлігі қоғамдық қауіпсіздіктің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті.
Авторы: Дильназ Тұрғазыева