Аптап ыстық пойыз кестесіне де әсер етіп жатыр

Шіліңгір ыстыққа шойын жол да шыдас бере алар емес. Аптап адамдарды әуреге салуын қойып, техниканы да тежей бастады.

Елдің оңтүстігі мен батысындағы темір жолдар 60 градусқа дейін қызып кетіпті. Салдарынан пойыздар жылдамдығын бәсеңдетуге мәжбүр. Осыдан кесте бұзылып, қалың қараша сапарынан кешігуі мүмкін деп ескертеді мамандар. Жауапты компания кінәні күн райына ғана артып отырған жоқ. Жолаушыларға жасаған қолайсыздыққа жөндеу жұмыстары да әсер етіп жатыр. 

Сара Сахынбек, "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметінің өкілі:

-  Солтүстік және шығыс өңірлерде температура +40°С, ал оңтүстік және батыс өңірлерде +45°С-қа жетті. Осындай сыртқы температурада теміржол рельстері +58°С - 62°С-қа дейін қызады. «Жолаушылар тасымалы» АҚ қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында бірқатар өңірлерде пойыздардың жылдамдығын шектеді. Салдарынан пойыздардың кешігуі орын алуда. Ұлттық тасымалдаушы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және жолаушыларға түсіністік пен шыдамдылық танытқандары үшін алғыс білдіреді.