Ақмола өңірінде 268 адамды кене шаққан
Күн жылығалы 268 адамды кене шаққан.
Бұл Ақмола өңіріндегі жағдай. Бір алаңдайтыны, былтырғымен салыстырғанда едәуір көп. Кене шаққандардың 70-і бала. Әрі бұл тек ауруханаға жүгінгендері ғана. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметі бойынша, мұндай жағдай Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зеренді және Сандықтау аудандарында көп. Тіпті кене шаққан екі адамның жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға түскен. «Қазір науқастардың жағдайы қалыпты», - дейді мамандар. Дәрігерлер облыс тұрғындарын жаппай кенеге қарсы екпе алуға шақырады.
Серік Омарханов, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта 354 адамға екпе егілді. Қажетті вакцина қоры жеткілікті. Шамамен 3 800 дана вакцина бар. Қазір алдын алу шараларын күшейттік. Себебі, осы тамыз айында кенелер тағы да көбейе бастайды. Ол үшін орманға барғанда теріңізге арнайы препараттарды жағып алған абзал.