Интернет-алаяқтық. ІІМ жұмыс істегенімен, банктер әрекетсіз
Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде тіркелген қылмыстық істердің 19 пайызы интернет алаяқтыққа қатысты.
Алаяқтардың айласына құрық бойлар емес. Уақыт өткен сайын жаңаша түрлерін меңгеріп жатыр. Онымен күрес қалай жүреді? Сарапшылар не дейді?
Астана тұрғыны Аягөз Ибраева бөтен нөмірден қоңырау түссе сескенетін болған. Себепсіз емес. Осыдан екі жыл бұрын ойламаған жерден алаяқтардың арбауына түсіп қалады. Қоңырау шалғандар өзін банктің қауіпсіздік бөліміненбіз деп таныстырып, оның атынан несие рәсімделіп жатқанын хабарлайды. Ал кейіпкеріміздің жеке сәйкестендіру нөмірі мен басқа да деректерін айна қатесіз айтып беруі еш күмән туғызбайды.
Аягөз Ибраева, қала тұрғыны:
- Олар бірінші психолог. Адамның психологиялық күйімен өте жақсы ойнайды. Сөздерді жақсы табады ғой. Адамды не де болса, қорқыныш, сенімсіздік, тездетуге тырысады. Сөйтіп адам абдырап, критикалық ойлау қабілеті болмай қалады да, негізі ондай болмау керек еді деген сияқты. Әп-сәтте адамды жанталастырып, сондай жағдайға соқтырады ғой. Адам не істеп, не қойғанын білмей қалады. Психологиялық атака жасалады.
Алаяқтар бұл жолы да айласын асырды.
Аягөз Ибраева, қала тұрғыны:
- Негізінде мен декретте отырған анамын. Менде зейнетақы, әлеуметтік төлемдер жоқ. 100 мың теңге несие де берілмейді негізі менің атыма. Бірақ олар 2,5 млн тг 5 жылға деп несие алған.
ІІМ ел аумағында интернет алаяқтықтың белең алғанын айтады. Биыл ғана оның үлесі 8000-нан асқан. Көпшілік онлайн сауданың құрбаны болып жатады. Әлеуметтік желі арқылы түрлі тұлғалардың атынан хабарлама таратып, ақша алып отырғандар қаншама. Қазір ұйым басшыларының атын жамылып, тексеріс деген желеумен қызметкерлерді әбігерге салу жиілеп келеді.
Аман Әубәкіров, ҚР ІІМ ЖПД аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі:
- Интернет алаяқтардың 90 пайызы шетелден әрекет етеді. Көбі біздің азаматтарымыз емес. Министрлік соңғы екі жылда үлкен жұмыс атқарды. Өткен жылдың соңғы айларында Астана аумағында 4 колл-орталық таратылды. Олар басқа мемлекеттердің азаматтарына қатысты алаяқтық әрекеттер жасаған. Интернет-алаяқтықты біз трансшекаралық қылмыстарға жатқызамыз. Жақында халықаралық арнайы операция жүргізіп, Украина полицейлерімен бірге 5 колл-орталықты тараттық. Олар біздің азаматтарымызға хабарласып, сан соқтырған.
Мамандар мұндай қылмыскерлерді анықтау оңай емес дейді. Хакерлер индустриясы дамып жатыр. Айлаға құрық бойлату қиын.
Нұржан Бияқаев, банк мәселелері жөніндегі тәуелсіз сарапшы:
- Онлайн несие рәсімдеудің құрбаны болғандар өте көп. Бір адамның атынан бірнеше несие рәсімделген кездер де болады. Иә, ішкі істер органдары барлық амалды жасап-ақ жатыр. Алайда банктер қарекетсіз. Мен барлық қаржы ұйымына қатысты операциялардың алдын алу бойынша ұсыныстар айтқанмын. Тіпті біраз уақытқа онлайн несиелеуді тоқтата тұруды ұсындым. Алайда заңдағы түзетулерде бұл ұсынысым еленген жоқ.
Дегенмен банктер тек ескерту жасаумен шектеліп отыр. Бұл жерде халықтың қаржылық сауатын арттыру да маңызды болып тұр дейді мамандар.
Мерей Мұратханқызы, Абулхамит Бөлекпаев, 24.KZ