Алматыда автобус апатынан жараланғандар саны 25 адамға жетті
Алматыда автобус апатынан жарақат алғандардың саны 25 адамға жетті.
Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы хабарлады. Өкінішке орай, бір адам жедел жәрдем жеткенше оқиға орнында мерт болды. 3 адам амбулаторлық емге жіберіліп, 22 жолаушы ауруханаға жатқызылды. Жағдайлары орташа. Зардап шеккендер арасында 14, 15 және 16 жастағы үш жасөспірім де бар. Олардың жағдайы да орташа ауырлықта. Бір баланың тізесі мен іші көгерген, екіншісінде мұрын сүйегінің жабық сынуы, ал үшіншісінде оң аяғы жабық сынған. Бұған дейін полиция департаменті 16 адамның жарақат алғанын хабарлаған еді. Естеріңізге сала кетейін, жол апаты бүгін түскі екіден өте Мақатаев көшесінің қиылысында болды. Сауда орталығының автотұрағынан шыққан жеңіл көлік шығыс бағытта кетіп бара жатқан автобуспен соғылған. Полиция оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Салтанат Әзірбек, қалалық полиция департаментінің ресми өкілі:
- Жүргізуші жас 96 жылғы туылған Мақатаев көшесімен Оңтүстікке қарай кесіп өтпек болған кезде Мақатаев көшесімен Шығысқа қарай бет алып бара жатқан автобуспен соқтығысты. Қазіргі таңда адам өліміне әкеп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.