Петропавл тұрғындары көктемгі су тасқыны кезінде жағажайсыз қалған

Қызылжар халқы көктемгі су тасқыны салдарынан жағажайсыз қалды.

Есіл өзені жағасындағы тұрғындардың сүйікті демалыс орнында тереңдігі 6 метрлік шұңқыр пайда болған. Құтқарушылар табаны ойлы-қырлы болған суқоймада шомылу қауіпті дейді. Айтуларынша, тасқын кезіндегі ағыстың қатты болғаны сондай су астында үлкен апандар мен жыра пайда болған. Қазір жағажайға құм төсеу не біржола жабу мәселесі талқыланып жатыр. Көктемгі су тасқынынан өңірдегі 4 демалыс орны қираған. Ал Айыртау ауданындағы 6 жағажай жөнделмейтін болды. Қазір полицейлер мен құтқарушылар өзеннің қауіпті тұстарында бей-берекетсіз пайда болған демалыс орындарын аралап жүр.

Әлібек Боранбаев, Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері:

- Қатердің алдын алуға бағытталған рейдтік шаралар күнделікті жүріп жатыр. Оған полицейлер, еріктілер мен көліктік бақылау инспекциясының өкілдері қатысады. Әуеден торуылдауға квадрокоптер де бар. Рұқсат етілмеген орындарға шомылу деректері тіркеледі. Заң талабын бұзғандар әкімшілік кодекстің 412 «Су қоймаларда қауіпсіздік ережелерін бұзу» бабы бойынша жауапқа тартылып, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.