Алматыда апатқа ұшыраған автобус жүргізушісі қамалды

Алматыда жолаушылар автобусы жеңіл көлікпен соқтығысты.

Салдарынан 25 адам жарақат алып, бір жолаушы қаза тапты. Қайғылы оқиға тал түсте Мақатаев пен Масаншы көшелерінің қиылысында болды. Жол апатына себепкер болған жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығын анықтау тұрғысында сараптама тағайындалды. Қазір дәрігерлер жарақат алғандарға барлық ем-домды жасап жатыр.

Мына бейнекадрлерден соқтығыстың қалай болғаны анық көрініп тұр. Сауда орталығынан шыққан жеңіл көлік Масаншы көшесімен Мақатаев көшесін кесіп өтпекші болады. Алайда 28 жастағы жас жүргізуші автобусты байқамай қалды ма, әйтеуір тура бүйірден қағады. Қоғамдық көлік тоқтай алмай оң қапталдағы дүкенге соғылады. 

Никита Чупрынин, куәгер:

- Қатты дыбысты естіп далаға шықсақ автобус дүкенге соғылып тұр екен. Шаң аралас түтін шығып жатты. Жақындағы адамдар автобустың терезесін сындырып, жолаушыларды сыртқа шығарды. 

Қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, 25 адам жарақат алған. Үшеуі алғашқы көмектен кейін амбулаторлық емге жіберіліпті. Ал түрлі дене жарақатын алған 22 адам ауруханаға жеткізілді. Бәрінің жағдайы орташа ауыр,-дейді дәрігерлер. Зардап шеккендердің арасында жасөспірімдер де бар. 

Лейла Иманғалиева, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының бөлім басшысы:

- Барлық науқастар қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып жатыр. Оның ішінде үш жасөспірім бар, 14, 15, 16 жаста. Біреуінің мұрын сүйегі сынған, біреуінде қолының сүйектері сынған және аяғының сүйегі сынған үш жасөспірім зардап шекті. Олар қазіргі таңда тексеруден өтуде. 

№18 бағыттағы қоғамдық көлік «Сity-Bus» компаниясына тиесілі. Оны 1969 жылы туған азамат тізгіндеген. Еңбек өтілі 20 жылдан жоғары екен. Өкінішке орай апаттан бір адам қайтыс болды. Қазір істің мән-жайын полиция тергеп жатыр.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

- Бұл автобус ішінде болған жолаушылардың бірі. Оның жеке басы анықталуда. Қазіргі таңда (адам өліміне әкеп соқтырған, жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. 

Бұл қоғамдық көліктердің қатысуымен болған бірінші жағдай емес. Былтыр желтоқсанда жолаушылардың бірі автобус жүргізушісінін ұрып есінен тандырып, басқарусыз қалған техника үш адамды қағып еткен еді.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев