Астаналықтарды алаңдатқан жарқанаттар

Астанада жарқанаттар көбейіп, жұртты үрейлендіре бастады.

Тіпті көпқабатты үйлердің ашық тұрған терезесінен үйге кірген. Көшіп жүретін қанатты тышқаннан тұрғындарға келер қауіп бар ма?

Қала тұрғыны Асан Досболовтың пәтеріне ашық тұрған терезе арқылы жарқанат ұшып кірген. Күндіз үйге кірген қанатты тышқан үй иесінің үрейін ұшырған. Тосын жағдайға тосырқап қалған ол қорыққанын да жасырмады.

Асан Досболов, қала тұрғыны:

- Еркін ұшып жүрді. Әдетте түнде ұшатын жарқанаттың күндіз ұшып жүргені қайран қалдырды. Енді олардың зияны немесе пайдасы туралы мамандар айтатын шығар. Мен көрген жарқанаттар қорқынышты болды.

Терезе жақтауына қонақтаған жарқанатты қорапқа салып алған Асан Досболов далаға алып шығып, еркіне жіберген. Мұны естіген елордалық тұрғындар жарқанаттан ауру жұқпай ма деп алаңдап отыр.

Блиц:

- Үйлерге кірген жарқанаттың зияны өте көп болады. Уын шашып кетеді, бетіңді алапес қылады дейді жарқанат. Күндіз жүрмейді ғой негізі, түнде ғана жүреді.

- Астанада рас жарқанат көбейіп кетті. Зияны да көп деп естіп жатырмыз. Соған бір шара қолданыңыздар!

Жарқанатты көргендер жағасын ұстап отыр. Алайда, білікті мамандар үреуге бой алдырмауға шақырды. Айтуынша аса қатты қорқыныш жоқ.

Алена Кошкина, биолог:

- Жарқанаттың зияны тимейді деп айтуда қиын. Алайда олар үй маңындағы қараңғы қуыстарда мекен етеді. Мәселен үйдің шатырларында. Егер адамды тістеген болса, сілекейі жағылған болса қауіпті болады. Себебі ауру жұқтыруы мүмкін. Ал егер ондай жағдай болмаған кезде алаңдаудың қажеті жоқ.

Күндіз көзге көрінбей, түнде ғана қанат жаятын жарқанаттың қалаға қайдан келгені белгісіз. Белгілісі Қазақстанда 27 түрі болса, әлем бойынша олардың саны мыңнан асады.

Асантемір Қаршығаұлы, Диас Қобландиев, Марат Диханбаев, 24.KZ