Алматы оқушыларының жазғы лагерьлерде демалуына 540 млн теңге бөлінген
Қызықты шеберлік сабақтар мен флешмобтар, тақырыптық іс-шаралар. Алматыдағы Оқушылар сарайына қарасты «Өрнек» лагерінің биылғы жазғы бағдарламасы балаларға ұмытылмас демалыс сыйлайтыны анық.
Бүгін лагерь «Жанұя» мамандандырылған кешенінің жүзге жуық тәрбиеленушісін қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Есте қаларлықтай демалыстың бір күнін біздің тілшілеріміз де тамашалап қайтты.
Гүлжан Көленқызы, тілші:
- Алматының Оқушылар сарайына қарасты «Өрнек» лагерінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жетім балалар үшін сауықтыру демалысын ұйымдастыру дәстүрге айналған. «Жанұяның» балалары бұл лагерьде жыл сайын 10 күндік демалыс маусымын өткізеді. Биыл кешеннің 4 жас пен 18 жас аралығындағы 88 тәрбиеленушісі лагерьде тынығып, күш-қуат жинап, жаңа білім мен білік жинап қайтпақ.
Әлима Әбдіхалықова, «Жанұя» мамандандырылған кешенінің әдіскері:
- Балаларымыздың көңіл-күйі өте тамаша. Кешеден бері сондай дайындалып, «қашан «Өрнекке» барамыз, қалай» деп, осы сөмкелерінің бәрін әдемілеп, бүгін ерте тұрып алды. Келіп жеттік аман-есен.
Жазғы лагерьдің бағдарламасы да ерекше. Балалар демалып қана қоймай, әртүрлі шеберлік сабақтарына қатысады. Оқушылар сарайының білікті мамандары оларға ғылыми-техника, спорт, туризм саласы туралы дәрістер оқиды. Дронды басқару мен робототехниканың әліппесін үйретеді.
Валерий Никифоров, «Өрнек» лагерінің әдіскері:
- Біз балалар үшін жаңа бағыттарды – геоинформатика мен нейротехнологияны көрсетеміз. Онда балалар өздерін болашақ дәрігер, болашақ дизайнер ретінде сынап көреді. Олар адамның тері сезімталдығы реакциясына бұлшықет сигналдарын байқап, оларды бақылау сигналдарына айналдырады.
Алматы оқушыларының қала сыртындағы лагерьлерде демалуына биыл жергілікті бюджеттен 540 миллион теңге бөлінген. Шамамен 3 мыңнан астам баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл негізінен тұрмыс жағдайы нашар отбасының балалары, ерекше қажеттілікке ие балалар және де «Жанұя» кешенінің тәрбиеленушілері.
Ләззат Жылқыбаева, Алматы қ. Білім басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда біздің Алматы қаласының оқушылары Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық лагерінде демалып жатыр 100-ден астам бала. Және 300-ден астам бала Алматы облысында «Аванд кидс» лагерінде демалып жатыр. Және де осы оқушылар сарайына қарасты «Өрнек» лагеріне 88 баланы қабылдап отырмыз.
Балалардың демалыс маусымы басталмас бұрын Қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, төтенше жағдай департаменті мен ювеналды полиция өкілдері кірген мониторинг тобы жұмыс істеді. Оқушылардың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігіне сай таңдалған лагерьлерде оқушылар 30 тамызға дейін демалады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев