Аңыз бен ақиқат. Таксист қанша табыс табады?

ТМД елдері арасындағы 3 мемлекетте такси қызметі анағұрлым табысты екен.

Үзді үштікте Әзербайжан мен Ресйден кейін Қазақстан тұр. Мұндай сараптаманы экономикалық зерттеу интситутының өңірлерді зерттеу орталығы жүргізген. Отандық такси жүргізушілері шынымен табысты ма, жоқ па?

Бүгінде көшеде қол бұлғап, көлік тоқтатып тұратындар некен-саяқ. Өйткені, кез келген смартфонның көмегімен үйіңіздің алдына дейін такси шақыртуға мүмкіндік бар. Сондықтан болар соңғы жылдары елдегі такси қызметі қарқынды өсіп, оны қолданушылар саны да артты

Ерлан Каримов, экономикалық зерттеулер институтының өңірлерді зерттеу орталығының директоры:

- Бізде 2020 жылмен салыстырғанда такси қолданушылар 1,3 млн-нан 3,3 млн-ға, яғни екі жылда 2 млн-ға көбейген.

Республикадағы такси қызметі нарығындағы ақша айналымы 150 млрд теңге. Ал жалпы тасымалдау саны 200 млн. Алайда бұл тек ресми тіркелген такси жүргізушілерінің көрсеткіші. Себебі таксиді онлайн тапсырыс беру мүмкіндігі пайда болғалы бұл саланың 90 пайызын көлеңкелі сектор құрап отыр дейді көлік қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов

Медет Құрманов, Астана қаласы көлік қауымдастығының төрағасы:

- Елордада 35 таксопарк жұмыс істейді. Онда 2000-нан астам жүргізуші бар. Ал жылпы танымал платформаға тіркеліп істеп жүргендер 30 мыңнан астам, олардың нақты саны белгісіз. Өйткені күнделікті және аптасына бір рет қана қосылып істейтіндер бар.

Иә, көпшілікке танымал онлайн платформаға тіркеліп, жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болғалы, қолданушылар тізімі артып, тапсырыстар да көбейгені анық. Осыған байланысты экономикалық зерттеулер орталығы арнайы сараптама жүргізіп, Қазақстандағы такси жүргізушілерінің табыстылығы бойынша ТМД елдері ішіндегі үздік үштікке кіретінін анықтаған.

Ерлан Каримов, экономикалық зерттеулер институтының өңірлерді зерттеу орталығының директоры:

- ТМД елдері арасында аналитиканы қараған кезде, таксистердің табысы бойынша Қазақстан Әзербайжан және Ресейден кейін 3-орында тұр. Шамамен 37 доллар табыс табады екен. Ол біздің ақшамен санағанда, шамамен 16 мың теңге. Бірдей салыстырмалы түрде анализ жасау үшін долларды алып отырмыз және 100 км қашықтықты.

Сараптама ұлттық статистикалық бюро мен шетелдік платформалардағы ресми ақпараттарға сүйеніп жасалған. Қазақстандағы такси жүргізушілерінің табысты болуының бір себебі, салыстырмалы түрде елдегі жанармай бағасының төмендігімен де тікелей байланысты. Десе де, зерттеу нәтижелері республикадағы ресми түрде қызмет атқаратын таксопарктердің табыс көрсеткіші түсіп кеткенін көрсетті.

Ерлан Каримов, экономикалық зерттеулер институтының өңірлерді зерттеу орталығының директоры:

- Ал ресми таксистердің табысына қарайтын болсақ, олар соңғы 2 жылда 2,5 есе азайған. Жаңағы шетелдік компаниялар отандық бизнесті, отандық кәсіпкерлерді өздерінің технологиялары арқылы, платформасы арқылы ығыстырып жатыр деген сөз. Сондықтан бізде бәсекелестік болу керек және альтернативті транспорт дамуы керек.

Нариман Әбдіхалықов, такси жүргізушісі:

- Біз әр күнге кемінде, жоқ дегенде 10 тапсырыс жасаймыз. Мынау таксопрактің өзінің ұстайтын пайыздық мөлшері бар. Тепи таксидің қызметі бар, диспетчердің жұмысы бар, соның барлығын еспетегенде кезде бізден 14-15 пайыз ұсталады. Қалған сумма біздің өзіміздің есепшотымызға түседі. Айлық табыс, енді көпшілік ойлайтын шығар 600-700 мыңнан табады, ойбай, такси деген сондай екен деп, ондай қызығушылыққа алданатындар бар.

Елімізде такси қызметін онлайн ұсынатын платформаның ең танымалы шетелдік компанияға тиесілі. Оған тіркеліп, жұмыс істейтін өзіміздің азаматтардың төлейтін комиссиясы да аз емес. Айталық, бұл платформалар біздің салық органдарына соңғы екі жылда 17 млрд теңге салық төлеген. Бұл салық сомасы жүргізушілер мен клиенттердің арасындағы комиссия алу табысынан түскен пайда бойынша төленген салықтар. Ал өзіміздің отандық қосымша жасау әзірге уақыттың еншісінде қалып тұр.

Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ