Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы алты адам суға кетті

Ақмола облысында шомылу маусымы басталғалы 6 адам суға кетті.

Cуға кеткеннің екеуі бала. Қазір өңірде судағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе туристер көп келетін Бурабай мен Зерендіге көңіл бөлініп отыр. Аймақтағы көлдер мен өзен жағалауындағы қауіпсіздікті қадағалау жұмыстарына 80-інен астам құтқарушы жұмылдырылды.

Өңірде туристік маусымның қызған шағы. Демалып жүрген адам көп. Курорттық аймаққа тек Қазақстаннан ғана емес, алыс-жақын шетелден де туристер келеді. Сол себепті суда құтқару станциясының қызметкерлері қауіпсіздікті күшейтіп, жағалауда үздіксіз кезекшілік жасайды.

Наурыз Қаппасов, құтқару бөлімінің басшысы:

- Біз қайғылы жағдайлардың алдын-алуға тырысамыз. Демалушылармен түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз. Тіпті, балық аулаға келген жандардың да қауіпсіздігі біздін назарда.

Көкшетаудағы Қопа көлінің жағалауына демалуға келгендер де тексеріліп жатыр. Басты мақсат – қауіпсіздік, дейді мамандар. Себебі су айдынында қарапайым ережелерді сақтамайтын, белгіленбеген аумақта суға түсетін, тіпті ішімдік ішіп, өзгенің мазасын алып ғана қоймай, өз өмірін қауіпке тігетіндер де көп.

Алмаз Бекбаев,  Төтенше жағдайлар департаментінің офицері:

- Көбіне бұзушылық дерегі тыйым салынған жерлерде шомылғаннан тіркеледі. Содан кейін өз өзіне өте қатты сеніп, алысқа жүзіп кетеді де, жағаға қайта алмай қалады. Одан кейінгі орындарда балаларды жағалауда қараусыз қалдыру сияқты келеңсіздіктер тұр. Құтқару жекетін кию керектігін көп жағдайда ескере бермейді.

Өңірде шомылуға арналған 80-нен астам арнайы орын жұмыс істеп тұр. Оның 14-і коммуналдық, 64-і жекеменшік жағажай. Мұнда келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына волонтерлер да жұмылдырылған.

Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко