Магнитпен «балық аулайтын» фотограф

Батысқазақстандық тілші-фотограф Рафхат Халелов қолы қалт еткенде өзен-көлге қармақ салады.

Бірақ ол Жайықтың жайынын немесе Шағанның шортанын ауламайды. Магнитпен су қоймаларының түбін темір-терсектен тазалайды, жағада шашылып жатқан күл-қоқысты жинайды. Магнитті қармақпен қоршаған ортаға пайдасын тигізіп жүрген журналист жайлы әңгімелесек.

Рафхат Халелов – өңірге танымал тілші-фотограф. Суреттері, шағын мақалалары облыстық басылымдарда тұрақты жарияланып жүр. Соңғы жылдары ол өзіне жаңа хобби тауыпты. Айтуынша оншақты жыл бұрын суға шомылып жүргенде аяғын қаңылтыр кесіп кеткен көрінеді. Содан кейін магнитті қармаққа тапсырыс беріп, су қоймаларының түбіндегі темір-терсекті тазалауға кірісіпті.

Рафхат Халелов, қала тұрғыны:

- Шаған, Барбастау, Жайық өзендері бәрін де тазартып шықтым. Әсіресе бірінші кезекте мен балалар суға түсетін жерді тазартам. Аяқтарын жырып кетпесін, кесіп кетпесін деген мақсатта алдымен көпшілік суға түсетін жерлер бірінші кезекте соны тазартып шығам. Негізі далаға шыққанда, айналасын, демалған орындарын жинап кетсе екен деген өтінішім бар халыққа.

Соңғы екі аптада Рафхат су астынан және жағалаудан 850 келідей темір қалдықтарын тауыпты. Бірде магнитке мылтықтың ұңғысы ілініпті. Көненің көзі тиын-тебендер де кезігеді екен. Жиналған темір-терсекті металл сынықтарын қабылдау орындарына жөнелтеді.

Рафхат Халелов, қала тұрғыны:

- Бір қызығы бала-шағамды, отбасымды үйреттім ғой. Нағыз керек деген, ойламаған заттар маған емес, қызыма, жолдасыма түседі. Өткенде бір балта сатып алу керек болды. Базарға барсақ бес мың теңге. Алмай кеттік. Өзен жағасына бардық. Сол күні Шағанда жолдасым магнит лақтырып еді, қуанды. «Мә, балтаңды ал», - деп, мынандай балта алдық.

Соңғы кезде Рафхатқа қолқа салушылар көбейген. Автокөлік жолын шеге-бұрандадан тазартып берші деушілер де, суға түсіп кеткен алтын-гаухарды алып берші дейтіндер де аз емес. Өзен-көлдің жағасын жалға алған кәсіпкерлер де өз жерінен Рафхатты көрсе бір қуанып қалады.

Алмас Рахметов, кәсіпкер:

- Өте қуаныштымыз! Әрине тазартқан жақсы. Елге қызмет ету керек қой. Судың тазалығы ғой. Халық үшін ғой бәрі. Өте қолдаймыз!

Дегенмен жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпас. Рафхат секілді бірлі-жарым табиғат жанашырының күшімен қоршаған ортаның таза ұстау мүмкін емес. Демалыс күндерінен кейін өзен-көлдің жағасында қоқыс үйіліп қалатыны рас. Табиғатты аялау әркімнің міндеті болуы тиіс, - дейді мамандар.

Фариза Сұлташева, БҚО табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы:

- Жағалау аймақтарына жиналған демалушылардан қалған тұрмыстық қалдықтарды экологиялық еріктілер, бюджеттік мекеме қызметкерлерінің бірігуінен жасақталған әртүрлі топтар шығып сенбілікте жинақтайды. Бұл бүгінгі күндегі жағдай. Осы жұмыстарға тұрғындардың қатысуы баяу, қарқынды емес.

Биыл мамырда ғана өңірде «Таза бұлақ» акциясы аясында 9 мыңдай адамның қатысуымен айдындардың айналасынан мың тоннадай қоқыс жиналыпты. Бірақ жағалаулардың бір жазда таз кепешін қайта киетіні өкінішті.

Ерденбек Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, 24.KZ, БҚО