ШЫҰ саммиті. Астаналықтарға ескерту жасалды

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде Астанадағы әуе айлағы тәулік бойы қызмет етеді.

Сол себептен елордада әуежай жұмысы күшейтілген режімге көшті. Қосымша қызметкерлер мен диспетчерлік құрам жұмылдырылды. Қосалқы құрамда тағы 100-ден астам маман бар. Шет тілдерін жетік меңгерген волонтерлер де атсалысады. Алматы мен Қарағанды әуежайлары да кез келген сәтте ұшақ қабылдауға сақадай сай.

Бұл туралы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Күнделікті әуе рейстері кестеге сай жүзеге асырылады. Теміржол вокзалдары да қалыпты жұмысын жалғастырады. Онда да қауіпсіздік сақтау шаралары барынша қолға алынған.

Аманжол Оразбаев, "Контртеррористік комитет" РҚБ төрағасы:

- Бұл шаралар тек саммит өтетін нысандарда және жоғары лауазымды тұлғалардың қозғалыс бағыты кезінде ғана кешенді түрде жүргізіледі. Біздің азаматтар жағдайға түсіністікпен қарап, іс-шаралар өтетін жерлерге мейлінше бармауын сұраймыз. Өйткені көшелерде кептеліс қалыптасуы мүмкін. Бұдан басқа айтарлықтай талап жоқ.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті кезінде террористік қауіптің "сары" деңгейі енгізіледі. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тұрғындарға осындай үндеу жасады.

Қалалық әкімшілік полиция басқармасының ақпаратына сәйкес, Мәңгілік ел, Достық, Түркістан, Қонаев және Қабанбай батыр даңғылдарының бойында орналасқан автотұрақтарды пайдалануға уақытша тыйым салынады. Қоғамдық көліктер де осы көшелермен жүрмейді. Балама бағдарлар бойынша ақпарат "CTS" әлеуметтік желілерінде жарияланады.