Ұлттық өнім – ұнтақ шұбат

Түркістан облысының экономикасына соңғы 5 жылда 8 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды.

Оның кейбірі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үлесінде. Сондай жобаның бірі – облыс орталығында түйе сүтінің ұнтақты қоспасын шығаратын кәсіпорын. Қазақ-Қытай бірлескен жобасы тәулігіне 100 тонна түйе сүтін өңдеуге қауқарлы. Кәсіпорын дайын өнімді қайда экспорттап жатыр? Шикізат жеткілікті ме?

Орталық Азияда теңдесі жоқ жоба Түркістан индустриалды аймағында орналасқан. Жобалық құны 7 млрд теңге болатын кәсіпорын 2018 жылы іске қосылды. Алып өңдеу кешені соңғы үлгідегі заманауи құралдармен жабдықталған.

Хы Жы Чиян, өндірістік цех басшысы:

- Өңірдегі түйе шаруашылықтарынан жиналған сүт алдымен осы өңдеу цехына жеткізіледі. Осы жерде құрамы мен майлылығы тексеріліп, сүзгіден өтеді. Арнайы қондырғымен тазаланып, залалсыздандырылады. Ең соңында біз таза сүтті келесі өндірістік цехқа жіберіп, ұнтақ етіп шығаруға дайындаймыз. Бәрі автоматты жүйе арқылы басқарылады.

Кәсіпорын тәулігіне 100 тонна түйе сүтін қабылдай алады. Бірақ өңірдегі түйе шаруашылықтары мұндай көлемде шикізатты тапсыра алмайтындықтан күніне 10-15 тоннасы өңделеді. Одан 1 тонна ұнтақ алынады.

Шолпан Ерболат, сату бөлімінің басшысы:

- Зауыт іске қосылғаннан бері қазірге дейін 200 тоннадан астам құрғақ ұнтақ өнімін өндіріп шығарды. Кептірілген түйе сүті ұнтағын Қытай, Макао және Гонконгқа экспорттап жатырмыз. Қазіргі таңда біз түйе сүтінен 3 түрлі өнім шығарамыз. Оның біріншісі – майсыздандырылмаған түйе сүті ұнтағы. Екіншісі – аз мөлшерде майсыздандырылған түйе сүті ұнтағы. Үшіншісі – майлы түйе сүті ұнтағы – кәдімгі бір рет қолданатын кофе сияқты. Яғни кішкентай пакеттегі 15 граммдық. Ал қалған екеуі де 300 граммнан.

300 граммдық құтыдағы ұнтақтан 3,5 литр шұбат шығады. Зауыт дайын өнімді Қытайдан бөлек, Ресей мен Еуропаға экспорттауды жоспарлайды.

Қазір облыста Ойсылқара тұқымының саны 50 мыңға жуықтап қалды. Оның жартысына жуығы сауылады. Өңірде түйе сүтін қабылдайтын 5 бекет және 3 қайта өңдеу цехы бар. Облыс шаруалары биыл 800 тоннаға жуық шұбат өндірді. Оның көбісін зауыт сатып алған.

Абзал Құттыбаев, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Өздерінің сүт жинайтын пункттерін қойып, қазір түйе сүтін 800-1000 теңгеден қабылдап жатыр. 2023 жылы мал шаруашылығын субсидиялау, оның ішінде түйе сүтінің құнын арзандату мақсатында 309 млн теңге қаралып, 30 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Соңғы кезде мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы арқасында түйе шаруашылығына қызығушылық артқан, дейді мамандар. Мысалы былтыр «Ауыл аманаты» жобасы аясында 23 жоба қаржыландырылды. Жеңілдетілген несиеге Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарынан түйе алынды.

Айта кетейік, қазір өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жобалық құны – 400 млн доллар болатын мақта өңдеу, жіп иіру және мата шығару зауытының құрылысы жүріп жатыр.

Ал дәл қазір Астанада өтіп жатқан ШЫҰ саммиті аясында қытайлық инвесторлардың қатысуымен жалпы құны 1 млрд 615 млн доллар болатын тағы да 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп күтілуде.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, 24.KZ, Түркістан