Ақтөбе көшелерінің тазалығын полицейлер қадағалайды
Ақтөбе көшелеріндегі тазалықты полиция қызметкерлері қадағалайды, деп хабарлайды 24kz.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында тәртіп сақшылары көпқабатты үйлердің аулаларын аралады. Қоқыс шашқан тұрғындарға ескерту жасады. Егер осындай заңсыздық қайталанса, айыппұл қарастырылатынын жеткізді.
Экопатруль акциясы Сағадат Нұрмағамбетов көшесіндегі 21-үйдің ауласынан басталды. Себебі, мұнда қоқысқа қатысты шағым көп түседі. Түсіру тобы келгеннің өзінде айнала тал-терек пен тұрмыстық техника бөлшектеріне толып жатты. Мұндай ретсіздік кәсіпкерлік нысандарының әрекеті деп отыр, жергілікті тұрғындар.
Сұлтан Түменов, қала тұрғыны:
- Мына дүкендер бәрі әкеледі. Мында тастайды осында. Дүкенге тауар келгеннің бәрі ауладан кіреді. Келесі көшеден де әкеліп тастайды.
Тазалықты сақтау бәріне ортақ талап. Егер заңсыз қоқыс төгетіндер анықталып жатса, 20-дан 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Биыл осындай әрекетке барғандар 15 рет айыппұл арқалаған.
Бауыржан Қыдырмағамбетов, учаскелік инспектор:
- Қоқыс қалдықтарын үлкен санаттағы әр азамат өзі полигонға шығаруға тиісті. Қоқыс дұрыс тастамаған бойынша ҚР 505-бабы бойынша әкімшілік құқықбұзушылық қарастырылған. Ол жерде ескерту және айыппұл салынады. Жыл басынан бері 54 хаттама толтырылды. 54-тің 15-і ұйымдарға салынды
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе су қоймасының аумағы да тазартылды. 200-ден астам белсенді шараға сайыс түрінде қатысты.
Сағыныш Қожахметов, оқушы:
- Бұл «Жасыл кросс» бағдарламасына қатысқан себебім, маған сайыстар өте қатты ұнайды. Оның үстіне бұл сайыс өте үлкен пайда әкеледі. Осы біздің түсетін суымыз, яғни, басқа да айналамызды тазартуға пайда алып келеді
Мирхан Ермағанбетов, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы:
- Бұл дәстүрге айналған акция болғандықтан, қазір бізде 25 команда Ақтөбе қаласынан қатысып отыр. Енді бұл жердегі ең басты мақсат – кім ең көп көлемде қоқыс жинайды, сол тиісті сыйлықтарды алады. Бұл акция дәстүрлі түрде жыл бойы іске асады
Жалпыұлттық акция басталғалы жастардың көмегімен қаладан 200 тонна, ал облыс бойынша 3 мың тонна қоқыс жиналды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев