Астана – әрі жайлы әрі қауіпсіз қала
Ертең елорда күні. Елдің бас қаласы Сарыарқа төріне көшкелі, 30 жылға таяп қалды.
Осы аз ғана мезгілде Астананың халықаралық беделі артып, әлемдік нағыз диалог алаңына айналған. Оған күні кеше ғана бірнеше елдің президенттері мен үкімет басшылары бас қосқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті дәлел. Осындай ауқымды жиындардың орны әрі күн сайын халқының саны өсіп, көркейіп келе жатқан қаланың даму бағытын тілші тарқатады.
Астанамыз сәулеті мен көркемдігі жағынан түбегейлі өзгерді. Кезінде облыс орталығы болған аймақ қазір халықаралық деңгейдегі бас қалаға айналды. Мұндағы ғимараттар халықаралық стандарттарға сай тұрғызылады. Мысалы, бүгінде жайлылық деңгейі еуропалық стандарттарға сай тұрғын үйлер салынып жатыр. Яғни елордада қазір тек ғимараттардың келбетіне ғана мән беріліп жатқан жоқ, қаладағы жалпы архиектуралық ортаны жақсарту шаралары да қолға алынған дейді маман.
Аманжол Чиканаев, Астана Бас жоспары ҒЗЖИ нормативтік және ғылыми әзірлемелер бөлімінің бас маманы:
- Яғни біз әр аулада абаттандыру жұмысы жақсы жүріп жатқанын көре аламыз. Қарапайым тұрғын үй ауласы деп қабылдауымыз мүмкін, алайда бұл – адамның өзін қауіпсіз әрі жайлылықта сезіне алатын негізгі орын. Сондықтан оны заманауи, ыңғайлы әрі әдемі жасауға көп көңіл бөлініп жатыр. Одан кейінгі кезекте қоғамдық орындар. Бұл жағынан да қала әкімдігі аз жұмыс істеп жатқан жоқ. Айталық, саябақтар, алаңдар мен көшелерде сәндік-ландшафты көгалдандыру жұмыстары байқалады.
Мемлекет басшысының тапсырмасын еске алсақ, биыл елорда барынша көгалдандырылып, абаттандырылуы тиіс делінген. Соған байланысты урбанистика орталығы барлық ауданда гүл бақтары, аллеялар мен саябақтар болуы керек деген принциппен жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Есіл өзені бойындағы барлық саябақты бірыңғай вело және жаяу жүргінші жолдармен байланыстыру жоспары бар. Бұл тұрғындар үшін өте қолайлы болмақ.
Тұрсын Жиенбаева, Астана Бас жоспары ҒЗЖИ урбанистика орталығының бас маманы:
- Биылғы жылы Ұлытау аллеясы абаттандырылды. Сол жерде 400-ге жуық ірі ағаш отырғызылды. Қазіргі таңда ол жерде адамдар бос уақытын өткізетін алаңға айналды. Жыл сайын қоғамдық орындар саны өсіп келе жатыр. Былтыр 160-қа жуық қоғамдық орын және кеңістік абаттандырылған болса, биыл 170-ке жуық қоғамдық орын және аула кеңістігін абаттандыру жоспарланған. Қаланың бас көшелеріндегі ғимараттардың келбетін жылы түспен жарықтандыру жұмыстары жүрді.
Қаланың бірінші кезекте тұрғындар үшін қолайлы болуын ойластыру, әрине, қуантады. Себебі елорда халқы жыл санап өсіп келеді. Алғашқыда 300 мың тұрғыны бар облыс орталығы бас қала атанған 20 жылда миллион адамдық мегаполиске айналды. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша бүгінде бұл көрсеткіш тағы 450 мыңнан асты.
Мөлдір Молдағали, Абдулхамит Бөлекбаев, 24.KZ