Қарағанды облысында АЭС бойынша жария талқылау өтті

Қарағанды облысында Қазақстанда атом электр станциясын салу бойынша жария талқылау өтті, деп хабарлайды 24kz.

Жиынға өңір тұрғындары, жергілікті Қоғамдық кеңестің мүшелері, ҚР Энергетика министрлігінің өкілдері мен экологтар қатысты. Атом энергетикасы саласының мамандары стартегиялық нысанның маңызы жайлы түсіндіріп, энергия тапшылығы жөніндегі мәселеге тоқталды. Жергілікті экологтар мен белсенді тұрғындар реакторлардың қауіпсіздігі мен экологияға зияны, жалпы жұмсалатын қаржы сомасы секілді өзекті сұрақтарға жауап алды. Бүгінде әлемдегі алпауыт елдер атом электр станциясының игілігін көруде. Ал, оны Қазақстанда салу мәселесі күзде өтетін ұлттық референдумда шешіледі.

Асуан Сиябеков, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жетекші инженері:

- Ең алдымен бұл жерде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі көтерілген болатын. Бізде енді болашақта эенргия тапшылығы болады деп жатыр. Әсіресе, оңтүстік аймақтарда. Сондай-ақ Қазақстанның қай жерінде орналасатыны жөнінде схемаларды көрсетіп жатыр. Одан да бөлек, басқа да генерация көздерін слайдтарда көрсетіп кетті. Одан бөлек, Мемлекет басшысы айтып кетті ғой, күзде референдум болады деп. Сол үшін түсіндіру жұмыстары болу керек деп ойлаймын.

Майра Әбдірахманова, қоғам белсендісі:

- Біздің Қарағанды аймағы индустриалды аймақ. Көптеген ірі зауыттар, фабрикалар бар. Онымен қатар біз өзі инвестиция жағынан да алдағы өңірміз. Бұл дегеніңіз, жаңа кәсіпорындар, өнеркәсіптер ашылады деген сөз. Олардың барлығына электр энергиясы керек. АЭС слау дегеніміз, біздің елімізде тағы да бір ғылымның саласы ашылады деген сөз.